Ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, экономикалық дамуды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған форумды аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы ашты. Форумға аудандық мәслихат хатшысы Қ.Абдрахманов, Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының инвестициялық жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Е.Шлембаев, «Келун — Казфарм» ЖШС коммерциялық директоры Е.Молдақапасов, «Ақтоғай ресайклинг» ЖШС директоры Н. Рахиманов, «Аманат-А» ЖШС құрылтайшысы М. Атешев, қала, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, кәсіпорын басшылары, шаруа қожалықтары өкілдері, жеке кәсіпкерлер қатысты.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Т. Ибраева өз сөзінде инвестициялық форум бұл жаңа ойлар, жаңа жұмыс орындарын ашу сонымен қатар кіші және үлкен бизнес субъектілері үшін үлкен мүмкіндік туғызатын алаң деп бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарды саралап, сөз кезегін келген қонақтарға берді.
Сөз тізгінін алған «Келун — Казфарм» ЖШС коммерциялық директоры Е. Молдақапасов өздері тарапынан бірінші инвестициялық жоба Қарасай ауданы, Көкөзек ауылынан басталғанын, Сарқан қаласында соядан дәрілік қоспа жасайтын зауыт салуда екенін, ол 5 мың шаршы метр аумақты алуда, жыл аяғына дейін зауыт іске қосылса 50-60 адамға тұрақты жұмыс орны табылатынын, осы мақсатта келісімшарт бойынша ауданға 18 млн.теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Аудан әкімі тарапынан қонаққа мынадай сауалдар қойылды. Қазіргі таңда сояға үлкен мән берілгендіктен тұқым мәселесі қалай болуда? Келешекте жер алып соя егетін жоспарларыңыз бар ма? Оған қонақ тарапынан тиісті түрде жауаптар берілді. «Ақтоғай ресайклинг» ЖШС директоры Н. Рахиманов болса 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай стансасында Қазақмыс кен орны құрылғанын. Содан 2016 жылы мыс кенінен қалған тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жайлы ой келгенін, Сарқан ауданының әкімдігі тарапынан қолдау болғаннан кейін Ақтоғай кен орнынан шыққан қалдықтарды сорттап, кәдеге жарататын кешен ашылуда. Осы жобаға 60 млн. теңге бөлініп, іске қосылуға дайын тұрғанын мәлімдеді. Ал «Аманат-А» ЖШС құрылтайшысы М. Атешев өзінің Бақалының тумасы, алдында тұрған мақсат Қойлықтан ГЭС салу болғаннан кейін салынғанын. Қазіргі таңда 25 адам тұрақты жұмыс жасап, уақытында салық төлеуде екенін мәлімдеді. Сол ГЭС-тің жанынан 6,5 метр көл пайда болғанын, өзі тау шаңғысын жақсы көргендіктен осы жобаны әрі қарай жалғастырып шаңғы базасын салу ойы барлығын жеткізді. 25 млн. теңге құрал-жабдығы алынып, желтоқсан айында іске қосылатынын, 40 орындық қонақ үй, жазғы демалыс орнын салу ойы барлығын айтты. Тек алдыда тұрған кедергі жерге мемлекеттік акт ала алмай отырғанын жеткізді. Аудан әкімі жер бөлімінің басшысына тиісті құжаттарын реттеуге көмектесуді тапсырды.
Келесі кезекте аудан әкімі сөзді облыс орталығынан келген қонақтарға берді. Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының инвестициялық жобаларды қолдау бөлімінің бас менеджері А.Умирбеков инвестициялық қызмет туралы сөз өрбітсе, басшысы Е.Шлембаев қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы толық түсінік берді.
Жиын барысында Лепсі ауылының кәсіпкері Р.Сәттібеков сөз алып, мемлекет тарапынан қолдау болғаннан кейін тек жұмыс жасау қажеттігін еске салып, Балқаш көлінің жағасындағы демалыс үйлеріне электр сымдары тартылып, жер берілсе қаржы салуға дайын кәсіпкерлердің барлығын жеткізді.
Аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы мал шаруашылығымен айналысатын аграрлы аудан болғандықтан өнімді шикізат ретінде ғана алудың жеткіліксіздігіне тоқталды. Қалада Тольятти деген жігіт бар, мүйіз, тұяқтан әр түрлі заттар жасап, қолөнермен айналысады. Сол шикізатты Алматы қаласындағы Алтын Орда базарынан алады. Бізден неге алмайды? Сарқан ауданында Алаатдин Шолактың «ТурКа» ЖШС-нан басқа ұн диірмені жоқ, оның өзі технологиясы ескі. Заман талабына сай жаңа технологиялы диірмен керек. Соядан 10-15 центнер өнім алуды қойып, 40 центнерден алу керек. Одан да көп өнім алып, зауытқа өткізу тиімді. Дамыған елдердің экономикасының негізін 40-45 пайызы шағын және орта бизнестен тұрады. Ет өнімдерінен шұжық, тұшпара шығару да назардан тыс қалған. Қолдағы сиырларды сүтті сиырларға ауыстырып, сүт өнімін көбейту керек. Ауыл әкімдеріне шағын және орта бизнестің көзін тауып, соған жағдай жасау керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының бір тарауы «Туған жер» бағыты бойынша ауылдан шыққан іскер азаматтармен жұмыс жасау керек. Мемлекеттен үлкен қолдау бар, тек қана жұмыс жасау керек. Жиын, міне осындай ертеңге деген сенімді нығайтатын тапсырмамен қорытындыланды.
Келесі кезекте аудан әкімі Е.Қошанбеков «Келун — Казфарм» ЖШС коммерциялық директоры Е. Молдақапасов, «Ақтоғай ресайклинг» ЖШС директоры Н. Рахиманов, «Аманат-А» ЖШС құрылтайшысы М. Атешевпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.