Инфрақұрылым дегеніміз жүйенің жұмыс істеуінің негізін құрайтын және қамтамасыз ететін өзара байланысты сервистік құрылымдар немесе объектілер кешені.
2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету, сондай-ақ мемлекеттік және жеке инвестицияларды тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі айқындалды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттыруға, оларды жүзеге асыру мерзімдерін сақтауға және қаражаттың жұмсалуын мұқият бақылауға баса назар аударды.
Осыған байланысты Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеп, бекітті. Құжаттың стратегиялық міндеті – басым жобаларды айқындау, нысаналы көрсеткіштер мен инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілеу.
Еліміздің инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген 204 жобаны қамтиды: Энергетикалық инфрақұрылым (46 жоба) – жаңа нысандарды жаңғырту және салу, тұрғындарды газбен қамту деңгейін арттыру арқылы сенімді энергиямен қамтамасыз ету. Көлік инфрақұрылымы (59 жоба) – көлік дәліздерін дамыту, жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту. Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы (89 жоба) – сумен қамтамасыз ету, су бұру және сарқынды суларды тазарту нысандарын салу және жаңғырту. Цифрлық инфрақұрылым (10 жоба) – инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізу.
П. ЖЕҢІСХАН,
«Сарқан газетінің» бас редакторы.