Интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр


Былтырғы жылы мемлекетіміз бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.
Еліміз әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.
Біздің мемлекет бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.
Ж. ИГІМАН,
«Сарқан» газетінің директоры.

Мәліметпен бөлісу: