Инвестиция ел игілігін еселейді

Жақында аудандық әкімдікте Алматы облысының аймақтық даму орталығы және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен инвестициялық қызметті қолдау іс-шаралары және өңірге инвестиция тарту тақырыбындағы форум болып өтті.  Форумға қалалық, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер, шаруа қожалық жетекшілері, мекеме-бөлім басшылары қатысты. Жиын жұмысына аудан әкімінің орынбасары Марат Разбеков төрағалық етіп,  жүргізіп отырды.

Алдымен жиналғандар жалпы аудан туралы, ондағы кәсіп-орындардың тыныс-тіршілігін арқау еткен бейнебаянды тамашалап көрді. Әр адамның өз ісін ашып кәсіпкерлікпен көркейуіне қамқорлық қолын созған мемлекетіміздің бұл тұрғыда атаулы көмектері жетерлік. Басқосуда алғашқы баяндама жасаған Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының бөлім басшысы Ерал Шлембаев  қазіргі таңда өзінің өзектілігін айқындаған 4 мемлекеттік бағдарламалар атап айтқанда «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Өнімділік-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» турасында жан-жақты айта келіп, олардың тұрғындарға берер артықшылықтарын атап өтті. Келесі сөз алған мейманға деген кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары болды. Құрылу тарихын сонау 1930 жылдан алатын немістің Baumann Gmb H&Co.KG компаниясы Еуропадағы алдыңғы қатарлы қой етін өндірушілар санатында. Аталмыш компания ендігі жерде өз ісін елімізде, нақтырақ айтқанда Алматы облысында өрістетіп, жергілікті шаруалармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында өңірімізде «Zhetysu Koy» ЖШС-ін құрған. Осынау серіктестіктің директоры Олег Плотников Іле ауданында орналасқан құрылымның үш кезең негізінде 2021 жылы өз қуатына шығуды жоспарлап отырғандығын тілге тиек ете келе аудан қожалықтарымен байланысты бекемдеуге бейім екендігін білдірді. Нақтырақ айтқанда серіктестік өңірлерден жылына 750 мыңға жуық қой мен қозыны қабылдап, оны жақын келешекте 1,5 млн. басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін әр ауданда арнайы пункттер ұйымдастырып, тұрғындардан қой мен қозы құнын нарықтан әлдеқайда жоғары бағамен қабылдамақшы. Істің жекелеген тетіктерін түсіндірген Олег Геннадьевичке жоба тартымдылығын пайымдағандар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Сондай-ақ мінберге көтерілген меймандар, Даму кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі Досхан Саттибаев қор жайында, оның алдыға қойған мақсаттары туралы ой бөліссе, «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның өкілі Дәурен Кенчинбаев аграршылар үшін бүгінгі күні өзекті мәселе, ауылшаруашылық техникаларын несиеге алу тақырыбын қозғап, аталмыш бағдарламаға енгізілген бірқатар өзгерістерге тоқталды. Жиында сонымен бірге Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының бөлім басшысы Ерал Төлегенұлы облысқа ауқымды инвестиция әкелетін бірқатар жобалар жайында айтып өтті. Жиын соңы сұрақ-жауап түрінде өрбіп, кәсіпкерлер қауымы мол мағлұмат алды.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: