Инвестициялық форум

«Алматы облысы өңірлік даму орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Ақсу аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен Жансүгіров ауылындағы Мәдениет үйінде инвестициялық форум өтті. Оған сала мамандары мен кәсіпкерлер қатысты. Мақсат – ауданның инвестициялық әлеуетін таныстыру.

Форумда жалпы кәсіпкерлікті дамытуда Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан жұмыстар мен қолдаулар және мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Сонымен бірге, кәсіпкерлікпен айналысудың қыр-сыры мен бизнес бастау және оған оқыту, кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер мен нақтылы көмектер, Ақсу жерінің инвестициялық мүмкіндіктері әңгімеленді.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Арман Мұратұлы өңірдің экономикалық ахуалын баяндады. Айтуынша, ауданда ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, туризм саласын өркендету бойынша жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Табиғаты тамаша жер пайдалы қазбаларға да бай. Ақсулықтар осыны пайданалану арқылы биыл жеке инвесторлар тартып, олардың инвестициялық жоба-жоспарларын іске асыруларына қолдау көрсетуді көздеп отыр. Қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіле бастаған.

Шара барысында Қапал және Арасан ауылдық округтерінің әкімдері Нұрбол Ерекенов пен Роза Ғалымжановаға сөз берілді. Қос әкім ауылдарының ерекше көркем табиғатын алға тартып, Тамшыбұлақ сияқты қасиетті жерлерінің көп екенін және жаңа технологияларды қолдану арқылы мал мен өсімдік шаруашылығымен айналысуға, туризмді дамытуға қолайлы аймақ екенін әңгімеледі.

Астралылар тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктен де әртүрлі резеңкелік бұйымдар жасауға болады. Ол «көк сағыз» деп аталады. Сирек кездесетін бұл өсімдік түрі Ақсу жерінде бар. Осы мүмкіндікті пайдалану арқылы табиғи каучук өңдейтін зауыт салуға болады. Мұндай өндіріс ошағы ашылса, талай адамның жұмыспен қамтылып, аудан экономикасының қарыштап дамуына жол ашылар еді. Бұл туралы аудан аумағында іске асырылатын ауқымды жобаның бастамашысы болып отырған әлеуметтану және гуманитарлық ғылымдар докторы, 1992 жылдан қазіргі уақытқа дейін ЕО зерттеулер мен инновациялар шеңберіндегі бағдарламалардың ұлттық үйлестірушісі, «Көк-Сағыз ТМ» ЖШС директоры Камила Магзиева айтты.

Жиында, сондай-ақ, бизнес бастау және оған оқыту, асыл тұқымды мал басын көбейту, малды қолдан ұрықтандыру, ет, сүт, жүн өндірісін жандандыру, бордақылау алаңдарын салу, өнімдерді экспортқа шығару, жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалану, көкөніс, жеміс-жидек, алма өсіру, табиғат байлығы мен жерді тиімді пайдалану, субсидия алу сияқты мәселелер қозғалды.

Осыған байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «AGROPARK» ЖШС, «Балданай СК» ЖШС, «Феникс Фид Миллс» ЖШС, «Green Tehnology Partners» ЖШС, «Ақсу қант» ЖШС, «Дюсенбинов А» ШҚ өкілдері мен жеке кәсіпкерлер сөз сөйледі. Өздерінің жоба-жоспарларымен де таныстырып, ойларын ортаға салды.

Соңында «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС директорының орынбасары Ерал Шлембаев жиналғандарға Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметте көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде мағлұмат берді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Есім Базарханов пайдалы жиын өткізген ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, кәсіпкерлермен үшжақты меморандумға қол қойды.

Мәліметпен бөлісу: