Аймақтың өсіп-өркендеуі мен түрлі бағыттағы даму барысын бағамдайтын пресс-тур бұл жолы өзіміздің ауданда жалғасты. Аудан әкімдігі ұйымдастырған шара арқылы келген журналистерді әкімдіктің баспасөз хатшысы О. Құрмашев пресс-турдың бағдарламасымен таныстырды.
Ары қарай журналистер тобы қала іргесіндегі «Жетісу әлеуметтік корпорациясы» арқылы 8 млн.теңге грант алған жас кәсіпкер Серік Өндірханның шаруашылығымен танысуға барды. 8 жылдай көкөніспен айналысып бірқатар тәжірибе жинақтаған «Өндірхан» ШҚ-ның басшысы биыл 0,01 пайызбен 1 жылға грант алып шаруашылығын жүргізіп отырғанын айтты. Өзінің отбасымен қосқанда маусым кезінде 3 жұмысшымен шаруасын жүргізіп отырған кәсіпкер арзан өніммен қала халқын қамтамасыз етіп отырғанын сөзіне тиек етті. 5 га суармалы жеріне тамшылатып суару жүйесін іске қосқан Серік базарда 120 шаршы метрлік орын алып қала халқын табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.
Келесі кезекте баспасөз өкілдері Сарқан политехникалық колледжінің 120 орынды жатақханасын жаңғырту жұмыстарымен танысты. Құрылыс басында жүрген алматылық «Шах» ЖШС-нің прорабы Қ. Байымбетов облыс қазынасынан 220 млн. бөлініп, күрделі жөндеуден өтіп жатқан 44 орынға арналған жатақхананың қазіргі уақыттағы жай-күйімен жан-жақты таныстырды. Прораб өз сөзінде нысанның 75 пайызы бітіп тұрғанын, қаржылық қолдау уақытында жүргізілсе 20 күнде толықтай бітіріп, қолданысқа берілетінін де жеткізді.
«Болашақ» ықшам ауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 2 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің жұмысымен таныстырған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М. Рымбаевтың айтуынша тұрғын үй салуға арналған жер телімінің жалпы ауданы 5,5 га құрайды.
-2021-2022 жылдары аралығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1,6 га жер теліміне 2 қабатты 20 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Golden City DS» ЖШС-мен 2021 жылы 29 маусымда келісім шарт жасалды. Құрылыс жұмыстары аталмыш жылдың тамыз айында басталып, 45,021 млн. теңге, биылғы жылы 62,260 млн. теңге игерілді. Құрылыс жұмыстарының аяқтау мерзімі 2022 жылдың қараша айы. Нысан басында 15 адам және 3 бірлік техника жұмыс істейді.
Жоғарыда аталған 2 қабатты 20 пәтерлік тұрғын үйдің абаттандырылуы мен инженерлік — коммуникациялық желілерінің және блокты-модульды қазандықтың құрылыс жұмыстарына 2022 жылға 258,777 млн. теңге қарастырылып, облыстық сатып алу басқармасында құрылыс жинақтау жұмыстарына мемлекеттік шаралары өткізілді. Мердігер «Гарант Строй Групп 2016» ЖШС-мен ағымдағы жылы келісім шарт жасалынды. Келісім шарт сомасы 235, 566 млн. теңге. Нысанда 6 жұмысшы, 2 техника жұмыс істеуде. Дайындық деңгейі 25%. Құрылыс жұмыстарының аяқтау мерзімі 2022 жылдың қараша айы,-деді Мұратбек Мұхамбекұлы.
Ал Бірлік ауылындағы 120 оқушыға лайықталған орта мектептің құрылыс жұмысымен участке бастығы М.Ілиясов таныстырды. Жауапты тұлға қазіргі уақытта ғимараттың 40 пайызы бітіп тұрғанын, құрылыс басында 40 адам жұмыс жасап, нысанды уақытында аяқтау көзделіп отырғанында айтты.
Пресс-тур барысында журналистер тобы Черкасск ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі «Душкин» ШҚ жұмысымен танысып, егістік алқаптарын көрді. Шаруашылықтың басқарушысы В. Стежкин 2000 жылдан бері жұмыс жасайтын аталмыш ұжымның осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімен таныстырды.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.