Көкейкесті мәселелер қозғалды

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде Сарқан ауданының кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді. Жиынды Сарқан аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы М.Абдрахимов жүргізді.

 

Есепті кездесуге қатысқан аудан әкімі Е. Қошанбеков аудан көлемінде әлі де болса орта және шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің аз екенін айта келе, осы саламен айналысуға ниет білдірген азаматтарға барынша қолдау көрсетуді кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне тапсырды.
Филиал директоры О.Рахимжановтың есебінде «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында аудан бойынша кәсіпкерлерге әртүрлі семинарлар өткізілетіндігі, баспасөз арқылы түсініктер берілетіндігі, бағдарламаны ақпараттық-насихаттау жұмыстары үнемі жүргізілетіндігі атап көрсетілді. Сондай-ақ келер жылы ауданда «Бастау бизнес» жобасы іске асырылатын болады.

Есепті жиында Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Абильшаиков, Алматы облысы кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Р.Салықова өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстарды кәсіпкерлер назарына ұсынды. Жиын барысында кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ұсыныстарын білдірді.

Есепті жиынға мемлекеттік мекемелер басшылары, қала-ауыл әкімдері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының, аудандық прокуратураның өкілдері қатысты.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: