Көкейкесті мәселелер қозғалды

Жылдағы дәстүрге сәйкес 14 — ақпаннан бастап, Сарқан ауданы ауылдық округ әкімдерінің округ тұрғындары алдындағы есептік кездесуі басталды.

Алдымен аудан орталығынан шалғайда жатқан Көктерек, Лепсі, Қарашыған ауылдық округтерінің тұрғындары округ әкімдері Серік Смағұлов, Гүлнәр Серікбаева, Бектілеу Тоқтасыновтардың есептерін тыңдап, өткенді қорытындылап, болашақтың жоба-жоспарларымен танысты. Бұл өңірдегі ауыл әкімдерінің есептеріне аудан әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаров қатысты. Індеттің таралуына байланысты мектеп, аурухана және басқа да жауаптылар жиынға ZOOM қосымшасы арқылы қатысты.

Тұрғындар есепті кездесуден кейін Асхат Мейрамғалиұлының жеке қабылдауында болып, Лепсі өзені суының азаюы, М.Маметова атындағы орта мектептің спорт, мәжіліс залына, асханаға күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттілігі, жалпы Лепсі өңіріндегі дәрігерлік амбулаторияға ота жасайтын бөлім және дәрігерлер керектігі және ауылға қосымша трансформатор орнату сынды түрлі сауалдарымен қатар жеке мәселелерін ортаға салды. Аудан әкімінің орынбасары азаматтардың тілектері мен шағымдарын назарға алып, шешу жолдарын бірлесе қарастыратындығын жеткізді.

Тұрғындар алдындағы ауыл әкімдерінің есепті кездесулері 14-18 ақпан аралығында Алмалы, Амангелді, Аманбөктер, Бақалы, Екіаша, Қойлық, Қарабөгет, Черкасск ауылдық округтерінде және Сарқан қаласында өтіп, жетістіктер мен кемшіліктер сарапқа салынды.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: