КӘКІМЖАН ҚАЗЫБАЕВ: ҰЛТ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН НАР ТҰЛҒА

Биылғы жылдың күнтізбесі халқымыздың тарихи тұлғаларының өмірімен тығыз байланысты айрықша даталарға толы. Елімізде әйгілі ғалым әрі ғылымның ұйымдастырушысы Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығы, Алаш Орда көшбасшыларының бірі әрі алғашқы қазақ теміржолшы-инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың 140 жылдығы, Қазақ ССРО халық әртісі-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығы, Халық әртісі, кинорежиссер Шәкен Аймановтың 105 жылдығы кеңінен аталып өтуде.

Қазақ елі осындай құрметке лайық әрі шынайы естелікке толы тұлға – қазақ журналистикасының кемеңгері, көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдығын да атап өтуде.

Ағамыздың арамыздан кеткеніне де 30 жыл толды. Кәкімжан Қазыбаевтың өмірі мен қызметі туралы жазу маған бір жағынан жеңіл, бір жағынан қиындау. Жеңіл дейтінім – менің балалық шағым сол керемет ортада өтті әрі сол кездегі естеліктер тізбегі әлі көз алдымда. Ал қиын дейтінім – Кәкімжан ағаның өмірі тақтайдай тегіс жарқын сәттер мен маңызды оқиғаларға толы болған жоқ, оның өмірі халқымыздың аса бір күрделі тағдырымен байланыста болды. Сондықтан да Кәкімжан Қазыбаевтың өмірлік ұстанымдары мен азаматтық келбетін анық әрі нақты көрсететін тұстарын жазуға бел будым.

Ол 1929 жылы 10 мамырда Алматы облысының Сарқан ауданы Бақалы ауылында дүниеге келген. Жастайынан ол қайшылыққа толы мейірімсіз кезеңнің, жаппай коллективтендірудің, ашаршылықтың ауыр жылдары – қазақ халқына жасалған геноцидтің, 30-жылдардағы саяси репрессияның, Ұлы Отан соғысының аяусыз қиындығы мен ауырлығын тартып өсті. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің де зарын тартты.Тағдырдың осындай қиындығы сол тұста Кәкімжан аға сынды мыңдаған қазақ жастарының балалығы мен жастық шағына бұйырған  еді. Әсіресе осы ұрпақ кейін қазақстандық алпысыншы жылғылардың феноменінің іргетасына айналды. Сол кезеңдердің ызғары болашақ журналист-жазушының азаматтық мінезі әрі шығармашылық қалыптасуына іздерін қалдырса керек. Туа біткен ізденгіштік, байқампаздық, еңбекқорлық, сабырлылық, асқан дарындылық Кәкімжан ағаның кәсіби таңдауын алдын ала болжағандай. Мектепте оқып жүргенде қосымша ауыл есепшісі ретінде жұмыс жасап, кейін ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.

1952 жыл Кәкімжан ағаның өміріндегі ең бір елеулі кезең: университетті тәмамдап, публицистика саласында алғашқы еңбек жолын бастайды. Оның газет беттеріндегі алғашқы жазбаларынан бастап соңғы жарияланымдары әлеуметтік әділдік, ұрпақ арасындағы тарихи сабақтастық, Отанға деген сүйіспеншілік, қоғамдағы рухани келісім сынды бір тізбекке құрылған шығармашылық лаборатория іспетті.

Қазақ ауылының өмірі, адамдардың шырғалаңға толы тағдыры, отбасылық өмірдің беріктігі, тұлғаны соғыстағы және тылдағы ерлігі мен патриотизмі арқылы пайымдауы – Кәкімжан Қазыбаев шығармаларының өзегі.

Асқан ұйымдастыру-шылық әрі басқарушылық қабілетке ие Кәкімжан аға әдеби қызметкерліктен бастап «Лениншіл жас» (бүгінгі күндегі «Жас Алаш») газетінің жауаптшы хатшысы, «Коммунизм таңы» (кейін «Жетісу» атанған) газетінің бас редакторының орынбасары, ҚазССР баспа, полиграфия және кітап саудасы Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың директоры, Қазақстан КП ОК хатшысы, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы лауазымына дейінгі қызметтік жолдан өтті. Журналистік қызметті он орап әкеткен ол кәсіби қарымын өзіне  тән жауапкершілік әрі жаңашылдықпен көтере білді.

Атақты халық батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлымен кездесуі – оның тағдырына бұйырған бақ еді. Себебі сонау 1958 жылы Кәкімжан аға Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы алғаш мақала жазған болатын. Тарихи тұлға, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Кәкімжан Қазыбавқа Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев туралы енді повесть жазуға қолқа салады. Бұл туралы Кәкімжан ағамыз Бауыржан Момышұлының: «Әрі жауынгер әрі командир ретінде бұл оқиғаның адам сенгісіз екенін білем әрі түсінем. Рақымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен!… Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы – керемет ғажайып жағдай! Біздің басымызға келіп қонған Жеңіс деген бақыт – сол анау Рақымжан, Рақымжандар!» – деген сөзін дәйек ретінде келтіретін. 1966 жылғы осы бір келелі кеңестен кейін Рейхстагқа ту тіккен қазақ батырының ұлы ерлігіне арналған «Кернеген кек» («Священная ненависть») документалды повесть жарық көреді. Бұдан жарты ғасыр бұрын, шектен тыс қуатты идеологиялық жүйенің қарама-қайшылығына толы сол тұста, біздің қазақтың Рахымжанының Рейхстагқа бірінші болып Мемлекеттік жалауды тіккендігі туралы повесть жазуын нағыз азаматтық батырлық деуге болады. Бұл повесть авторға үлкен әдебиетке жол салды. Бұдан кейін Кәкімжан Қазыбаев қазақ әдебиетінің алтын жылнамасына енген шығармалар шоғырын жазды. Оқырман оның «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Аманат», «Қышыма», «Ақиқатқа ар серік», «Октябрь өрендері» романдары мен «Қара сел» атты пьесасын ұмытпақ емес. Ал «Ызғар» мен «Аманат» романдары «Наказ», «Изморозь» деп  орыс тілінде жарияланды.

Ұзақ жылдар Кәкімжан аға қазақ халқының тарихындағы зобалаң кезең – ашаршылық туралы материалдар жинады. Көзінің тірісінде кітап ретінде шығарып үлгермесе де, ұлы Батыр Қазыбаевтың күш салуы арқасында бұл шығармасы «Сұрапыл» деген атпен жарық көрді. Роман жаппай коллективтендірудің зардабы, қазақ халқының қырылуы туралы еліміздегі алғашқы әдеби туындылардың бірі.

Кәкімжан Қазыбаевтың қоғамдағы, қазақ зиялылары арасындағы биік беделі, терең энциклопедиялық білімі, жоғары интеллектуалдығы еліміз идеологиясын басқаруда, Қазақстан Орталық комитетінің хатшылығы лауазымындарына тағайындалуына ықпал етуі де заңдылық. Өмірлік жолының осы кезеңінде ол өзінің азаматтық ұстанымдары-халықпен біте қайнасқан рухани ұстанымдарына адал болды.

Ол тұста одақтас республикалар үшін ұлттық құндылықтарды ұлықтау мүмкін емес еді, тіпті тыйым салынған деуге әбден болады. Алайда Кәкімжан аға осындай қиындыққа қарамастан,  халқының рухани мүддесі мен оның ұлттық сипатта қарқын алуы жолында өлшеусіз қызмет етті. Республикалық партия ұйымының жетекшісі Д.А.Қонаевтың қолдауымен жаңа мәдени жобаларды іске асыруға ықпал етті. Алғаш рет республикалық телеарнада ақындар айтысының, «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасының жарыққа шығып, кеңінен елдің сүйікті бағдарламасына айналды.  Мұхан Төлебаевтың, ағартушы-ғалым Шыңғыс Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың биік деңгейде аталып өтуі – қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасының қайта өрлеуінің бастапқы нүктесі еді. ССРО Ғылым академиясы ғалымдарының форумының және ЮНЕСКО-ның тарапынан Шығыстанушылардың халықаралық форумның Алматыда өтуі мен 4 сериялы фильмнің түсірілуі – осындай іргелі жобалардың кемелденген кезеңі болатын.

Еліміздегі алдыңғы буын ағалар 1979 жылғы «неміс оқиғасын» ұмыта қоймағаны анық. Бір қарағанда, бұл мәселе жабық күйінде болғанымен, 1985 жылы Кремль «Ақмола неміс автономиясы» идеясын жасанды түрде «маздата» түседі. Кәкімжан Қазыбаевты Мәскеуге шақырады. 1985 жылғы 2 желтоқсандағы хатшы М.В.Зимяниннің қатысуымен өткен партияның Орталық Комитетінің жабық мәжілісінде республикадағы қоғамдық- саяси жағдай мен ұлттар арасындағы қарым-қатынастарды сол кезде шиеленістіруге әкелуі мүмкін болған негізсіз көтерілген идеяға   Кәкімжан аға тойтарыс береді. Ол  өз баяндамасында: «… нам не нужна автономия, ради автономии », – деп ашық айтып, осындай күрделі мәселе тек қана халықтың қолдауымен шешілу керектігін көтереді. Кейін ағаның қойын дәптерінде: «Мен ұзақ жылдар үнсіздік атты алып күштің құрсауында болдым, алайда халқымның ар-ожданы мен абыройы тапталған шақта үндемей қала ала алмадым»,– деген жүрек тебірентерлік сөздері сақталыпты.

Бұл тақырып жабық күйінде қалғандай болады. Алайда Кәкімжан Қазыбаев үшін бұл оқиға аяқ астынан атқарып жүрген қызметінен ақырын «Қазақстан коммунисі» журналына қызмет «ауысуымен» аяқталады.

Кәкімжан ағаның өмір жолындағы сынақ пен үрейді, жеңіс пен жетістікті өмірлік жары Орынша апа тең бөлісті. Ол ағамыздың жары, ұл-қызының анасы ғана емес сындарлы шақтарда үзеңгілес досы әрі сырласы  да бола білді. Атақты мемлекет қайраткері, республиканың атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша апа жастайынан қуғын-сүргіннің зардабын тартып өскен, «халық жауының ұрпағы» деген жазықсыз күйе жағылған буынның өкілі. Ол – Кәкімжан аға әулетінің тірегі әрі шаңырағының шырақшысына айналған абзал ана.

1989 жылдың 21 қазанында ұлтының жүгін арқалаған нар тұлғаның, тарихты жасаған арда ұлдың, ұлттық өрлеу кезеңі –  жаңа кезеңнің жаршысының жүрегі соғуын тоқтатты. Ол өзі арман еткен, өзі жазған Тәуелсіздіктің – мемлекет тәуелсіздігі таңының атуына 785 күн қалғанда дүниеден өтті.

Кәкімжан Қазыбаевтың Отан алдындағы адал еңбегі биік бағаланды. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, мемлекеттік медальдармен, грамоталармен марапатталды, «ҚазССР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді, Жоғары Кеңестің депутаттығына үш мәрте, Қазақстан КП Орталық комитетінің Бюро мүшелігіне  сайланды.

Тәуелсіз Қазақстанда Кәкімжан Қазыбаевтың құрметіне көшелер, мектеп, ауыл, мәдениет үйіне есімі берілді. Оның шынайы парасаттылық бейнесі ескерткіш пен мүсін ретінде қаланды. Кәкімжан ағаның жазу үстеліндегі күнделігінде мына соңғы өлең жолдары жазылған екен:

«…Жылы сөздер

Ұмтылдырар өрге тек.

Жылы сөздер

Жүрек тербер перне көп.

Жылы сөзбен

Қопарасың тауды да,

Жылы сөйле

Жағымды бол елге тек!»…

Бұл өлең жолдары өз халқының – Кәкімжан Қазыбаев сынды сүйікті әрі даңқты ұлының есімін жадында сақтаған ұлтының шері мен мұңына, қуанышы мен жетістігіне, арманы мен үмітінің ақталу жолына тағдырын арнаған тұлғаның өмірлік және шығармашылық жолының эпилогы десе де болғандай.  «Шынайы суреткердің міндеті – бір сәтте қоршаған ортаға жан жылуы мен жарық сәуле шашып, нұрға бөлеу» деген белгілі жолдар Кәкімжан ағаның құрметіне әбден лайық сөздер.

Ерлан Арын,

профессор, экономика ғылымдарының докторы.

Мәліметпен бөлісу: