Қаратал ауданы, Жаңаталап ауылының көкпаршылары атпен №147 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Өз таңдауын жасауға ат ауыздығымен алысқан 20-дан астам көкпаршы келді. Көкпаршы Қайрат Тоғысбаев:
- Жылқы десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Біз көкпаршылар атынан жастарға үлгі болсын деп сайлауға ерекше, дәстүрлі түрде жылқымен келдік. Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанда әр адамның дауысы маңызды, — деп сайлауға қатысушыларға ұлттық рух сыйлады.
Аттың құлағында ойнайтын азаматтар жұртшылықты дауыс беруге шақырды.
«Жаңаталап ауылындағы сайлау учаскесінде 1000-ға жуық дауыс беруші бар. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі өз таңдауын жасады. Барлығы әділ өтіп жатыр, ешқандай тәртіпбұзушылық болған жоқ, — дейді сайлау учаскесінің төрағасы Шолпан Арпабаева.