Сенбі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағ-дарламасын іске асыру аясында Көктерек ауылының әкімі Серік Смағұловтың бастамасымен «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы өтті.Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Жерлестер форумына» осы өлкеден түлеп ұшқан жиырмадан аса азамат келді. Кіндік қаны тамған жерден жырақта жүрген жерлестердің ішінде ресми тұлғалар да, лауазымды шенеуніктер де бар. Жерлестер форумына келген Көктерек ауылының түлектері, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бөгесіні мен бұралаңы көп өмір даңғылында биіктен көрінген құрметті меймандар туған мекенінің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімен танысты. Әрі қарай форум жұмысы жерлестердің жылы жүздесуімен жалғасты. Ауыл әкімі форумды аша отырып, ауылдан шыққан азаматтарды өскен өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды және бұл басқосудың өңірдің өркендеуіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылғанын жеткізді.
Өнер көгінде өзіндік ізі бар белгілі композитор Жамағат Темірғалиев, осы ауылдан түлеп ұшып, Сарқан ауданының ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарған Аманжол Шөнжікенов, жастар атынан Есенай Іңкәрбаев және басқа да ауыл азаматтары сөз алып, ауыл орталығын абаттандыруға үлес қосуға шақырды. Сол күнгі басқосудың меймандары ауылдан қатымхана, спорт алаңын салуға бәтуаласып, ортақ қордың есепшотын алды.
Әр адам өзінің туған жерін, өскен елін жүрегінің түбінде аялайтыны сөзсіз. Туған жерге, оның көркейіп, гүлденуіне перзенттік сезіммен атсалысу- шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі болмақ.
Н.Оспанова,
Көктерек ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы.