Көпбалалы отбасыларды қолдау маңызды


Көпбалалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтардың тоғысқан жері. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десек артық болмас. Көпбалалы отбасылар тек ұрпағының көбеюімен шектеліп қана қоймай, олар еліміздің демографиялық көрсеткішінің өсуіне де сүбелі үлесін қосуда.
Алтын құрсақты аналарға алтыннан алқа тағып, құрмет көрсетуде ешкімнен қалыс қалып жатқан жоқпыз. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау үшін жан-жақты жағдай жасалып жатқаны белгілі. Шыр етіп дүниеге келген сәбиге біржолғы жәрдемақы, күтіміне байланысты ай сайын жәрдемақы төленеді. Төлемнің көлемі бала санына қарай өсіп отырады.
Ал, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы №227 бұйрығының негізінде тағайындалып, төленеді.


Ж. МҰҚАШЕВ,
Сарқан ауданының құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: