Көпшілік сауалы – депутаттар назарында

Аудандық мәслихат депутаттарының жұртшылықпен кезекті жүздесуі Алмалы және Амангелді ауылдық округтерінде өз жалғасын тапты. Бұдан бұрында халық қалаулылары өңіріміздегі өзге де елді мекендерде болып қайтқан болатын. Тұрғындармен кездесуде аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов сөз алып мәслихаттың өткен және ағымдағы жылдары атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды.  Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы өскен өңірді түлетуге себепші «Туған жер» бағдарламасының әрбір азаматқа артар жауапкершілігіне, сонымен бірге ел әлеуетін арттыруға соны серпін берген «5 бастаманың» ауылдықтарға қатысты тұстарын түсіндірді. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков облыс пркурорының қабылдауында болып, кездесу барысында күнделікті қажетті тауарлар дәрі-дәрмек, көмір, электр қуатына қатысты баға мәселесін көтергендігін жиналғандар назарына жеткізді.

Алмалы ауылында тұрғындар мәдениет үйі жөндеу көрсе, ДЭУ елді мекеніне ауыз су жүйесі жүргізілсе деген сауалдар көтерсе, амангелділіктер ескі мәдениет ошағының жаңғыратындығын қуана қабылдады. Барша сұрақтарға тиісті сала басшылары жауап берді. Жиынға сондай-ақ Алматы облыстық мәслихат депутаты Бану Құлахметова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов бірқатар мекеме-бөлім басшылары қатысты.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: