Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Руслан Қожасбаев Сарқан ауданының жасотандықтарымен кездесті. Ол партияның сайлауалды бағдарламасы туралы кеңінен әңгімелеп, жастардың білім, тұрмыс жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті бастау тұрғысынан партия тарапынан қолдауды кездесуге арқау етті, жастардың осы бағыттағы ұсыныстарын тыңдады.
Кездесу барысында Руслан Садуақасұлы ең алдымен жастармен кездесуінің мақсатына тоқталды.
-Бірнеше күн бұрын жастар өкілдерімен онлайн режимінде кездесу өткізсем, бүгін олармен бетпе-бет жүздесіп отырмын,- деді депутаттыққа үміткер. — Сауалдарға жауап беріп, жастардың туған ауданының өсіп-өркендеуі, дамуы туралы, идеялары мен бастамалары туралы пікірлерін тыңдадым. Қыздар мен жігіттер арман-мақсаттарымен де бөлісті. Жастардың өз болашағын Сарқан өңірімен байланыстырып, туған жердің игілігі үшін жұмыс істегісі келетіні қуантады! Жастардың айтуынша, қалада демалуға, білім алуға арналған орындар өте аз. Кинотеатр мен кофехана сияқты нысандар қажет. Ұмтылысы жоғары, дамығысы келетін талантты жастар өте көп. Жастарымызға қолдау көрсету үшін жергілікті кәсіпкерлермен, меценаттармен ақылдасатын боламын. Бос ғимарат іздеп, бизнес-жоспар дайындаймыз, еріктілерді жұмылдырамыз.
Жастардың сұрақтары мен тілектерін тыңдаған үміткер «Есіктен есікке» акциясы аясында үгіт өнімдерін таратып жүрген жастардың алдағы жауапты жұмыстарына сәттілік тіледі. Іс-шара санитарлық шараларды қатаң сақтап, қатысушылардың шектеулі санымен өтті. Сонымен қатар Руслан Қожасбаев «Сарқан Май» зауытында, «Жетысу Изолятор» ЖШС-інде, «Азия Голд» ЖШС-інде, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, аудандық Мәдениет үйінде болып, сайлауалды бағдарламаларымен бөлісті.
Ал «Жоңғар Алатауы» республикалық мемлекеттік мекемесінде болған облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Руслан Қожасбаев пен аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Марат Разбеков ұжым қызметкерлеріне «Nur Otan» партиясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Олар өз сөздерінде «Nur Otan» партиясының халыққа етене жақын, халықтың мұң-мұқтажын шешетін, билікпен бірлесіп жұмыс істейтін, тек қана сайлаудан-сайлауға емес, тұрақты, жүйелі жұмыс жасайтын саяси құрылым ретінде бағалап, алдағы келе жатқан сайлауға бір адамдай қатысуға үндеді.