Кәсіби біліктілік- басты талап

Халық денсаулығы мемлекетіміздің басты назарында. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, оған халықтың әлсіз топтарын қатыстыруға мемлекеттік қолдау көрсету, бәсекелестікті дамыту ауқымды жұмыстардың негізін құрайды. Дәстүрлі медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында біз аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Кәмиұлы Шұлғаубаевпен жолығып, атқарылған жұмыстарды жұртшылыққа жеткізуді мақсат тұттық.

-Алтай Кәмиұлы, алдымен аудандық денсаулық сақтау мекемесінің бүгінгі тынысына аз -кем шолу жасасақ…

Сарқан аудандық орталық ауруханасының бастауын  1920 жылдан аламыз.  Осы дерек бойынша аудандық аурухана аудан жұртшылығына  100 жылдан астам  уақыт медициналық көмек көрсетуде. Қазіргі таңда аудандық ауруханада 36  мыңнан астам халыққа 60 дәрігер, 383 орта буын қызметкері медициналық көмек көрсетеді. Жыл сайын ауруханада жас мамандар қатары көбеюде. Жас мамандарды қолдау мақсатында аудан әкімі тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 2 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру  мақсатында дәрігерлеріміз шет елге тәжірибе алмасуға жиі шығып тұрады. Мәселен, 2021 жылы О.А.Байжанов,  Ресейде реанимация саласы бойынша білімін жетілдірсе, 2022 жылы Б.Ж.Уаканов Түркияда тәжірибе алмасудан өтті. Сонымен қатар жас мамандарға жол көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп отыратын жерлесіміз, дәрігер, профессор Нұрлан Мұхтарұлы Арынның ауданның денсаулық сақтау саласына соңғы 3 жылда қосқан үлесі зор. Жыл сайын аудан ауруханасында 10 – нан астам күрделі ота жасап,  шеберлік сабақтарын өткізеді.

Орта буын қызметкерлерінің  де білімі мен біліктілігі ұдайы назарымызда. Осының нәтижесінде олар облыстық байқауларда жетістіктерге жетуде. Атап айтсақ, Алматы облысы бойынша мейірбикелер арасында   1989, 2002 жылдары А.Сулейменова, 2010 жылы Ғ.Қ.Калиева, 2019 жылы  С.Е.Малайбекова, 2020 жылы С.С. Сымжанова, 2021 жылы  А.Макенова «Үздік мейірбике» номинациясы бойынша 1 – орынға ие болды. 

Дәрігерлер арасында Т.И. Искаков, С.А. Тулегенова, Ш.Е. Калыгулова, С.З. Отеулинова, орта буын қызметкерлері арасында С.Н.Бейсебаева, Ш.А.Ахме-това, К.Р. Ергалиева, С.Е. Нурахметова “Денсаулық сақтау саласында ерен еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды.

Ағымдағы жылы дәрігерлер О.А.Байжанов, Ж.М.Мусина, Р.Б.Ахмет-кожина,  С.А.Кесикбаева «Жанқиярлық еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.

Сарқан ауданының денсаулық сақтау саласын дамытуда кейінгі жылдары сапымызды толықтырған жас мамандардың үлесі зор. Атап айтсақ, А.М. Құласбай, А.Тоқтар, Ж.А.Тасыбеков, Ш.Т.Сатымбаева, А.Б. Оспанова, Л.Б. Молдабек, Т.Т Сулейменов, Я.В.Шульгин, А.Т. Орумбаева, А.А. Тлеукабыл, А.Б.Карибаева, А.Е.Қанатбек, А.Ж.Есқара, Ж.Ж.Калдыбаева университет қабырғасында алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, қалыптасып келеді. 

– Әлеуметтік ауруларды анықтау мақсатында қандай ықпалды шаралар жүзеге асырылуда?

-Ауруды емдегеннен гөрі алдын алу тиімді. Ұлттық скрининг, міне, осы мақсатты көздейді. Арнайы топ арасында профилактикалық тексеру жүзеге асырылып,  дерттің алдын алуға қам-қарекет жасалуда. 

-Халыққа медициналық көмек көр-сетудің бүгінгі деңгейі қандай?

-Соңғы жылдары бала туу деңгейі мен адамдардың өмір сүру ұзақтығы артуымен бірге созылмалы, инфекциялық емес науқас түрлері де өсу үстінде. Демек ендігі кезекте медицина мекемелерін кадрмен қамтумен қатар дәрігерлердің біліктілігін басты назарда ұстауымыз керек. Ауруханаға адам жетіскенінен келмейді. Шыбын жанына шипа іздейді, соңғы үмітін азық етеді. Араларында ауруын асқындырып, қайталап келіп жататындары да бар.

Дәрігерлеріміз жоғары технологияға негізделген медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Кейінгі жылдары қол жеткізілген офтольмологиялық құрылым, компьютерлік ЭКГ, көп функциялы УЗИ аппараты, транскрионалды доплерография, нейродиагностикалық модульді жүйелердің қатарын жүрек ауруларына арналған Кардиометр –МТ аппараты толықтырды. Бұл аппараттың науқастың жүрегін электрокардиограммаға түсіріп, тікелей аудандық кардиолог маман мен облыстық деңгейдегі мамандарға тікелей ақпарат беруге  мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бала денсаулығын нығайту мақсатында жаңа туған нәрестелердің өкпе вентиляциясына арналған жүйе алынды, хирургия бөлімі жедел ота жасау аппаратымен толықты.

Аурухана халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында заманауи медициналық кондырғылармен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, отаны жасағанда денеде тілік жасамай 1,5-2 мм-лік тесу арқылы ота жасауға мүмкіндік беретін лапароскоп қондырғы бар. Уақытылы әрі жоғары сапалы диагностика жасауға компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, велоэргометр, рентген, флюрограф, фиброгастродуоденоскоп, лабораториялық аппараттар мүмкіндік береді. Ауданның шалғайда орналасқан ауылдық мекендерде уақытылы медициналық қарап – тексеру жүргізу мақсатында 2020 жылы жылжымалы медициналық комплекс автобусы облыс әкімінің бұйрығымен берілді. 

Сонау тоқырау заманында құрылысы тоқтап қалған перзентхана ғимараты 2017 – 2019 жылдар аралығында қайта жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген. Босатылған перзентхана ғимаратын емханаға айналдыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жас мамандарды тарту мақсатында емхананың ескі ғимаратын жатақханаға айналдыру жоспарлануда.

– Әңгімеңізге рахмет! Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақан-дарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасына амандық, дендеріңізге саулық, күш – жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілейміз.  Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген көпшілік ықылас-ниетін ортаға саламын.

Сұхбатты жүргізген

Жомарт Игіман.

Мәліметпен бөлісу: