Кәсіпкер көкжиегі кеңейіп келеді

«Адамды адам еткен — еңбек» деген белгілі қағида бар. Оған «Адам еңсесін қатарластарынан биіктететін — тәрбие» деген ұғымды қосуға болады. Адамның анасы — еңбек болса, жақсылықтың анасы — тәрбие. Ерлан жастайынан еңбекпен достасып, ата-анасынан тағылымды тәрбие алып өсті. Жігіттің осы жетістігін айналасы атқарған ісінен, жүріс-тұрысынан аңғарғаны қашан. Осы мақаланың арқауына айналып отырған Ерлан Нұрсайынұлы Бейсенбековтың бойындағы табысқа жетуіне тұғыр, жетістікке жетуіне жетекші бола білген қасиеттерді жеткізе әңгімелеп беруді мақсат тұтып отырмыз.

1968 жылы Сарқан қаласында дүниеге келді. Ата-анасы Нұрсайын мен Жұмағыз «Красный Октябрь» совхозының маңдайалды шопаны болатын. Соның айғағындай анасы бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаттығына сайланды. 1983 жылы М.Горький атындағы мектептің 8-сыныбын бітірген ол Сарқан қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеден электрик мамандығын алып шықты. Осы мамандық 1986-88 жылдары Белоруссияда әскери борышын өтегенде қаншама рет көмекке келді. Сонда-ақ адамның білімді -білікті болуы табысының көзі екендігін жас та болса аңғарған болатын.

Алла тағала оған ұзақ жылдар бойы еңбек пен тәрбие мектебінен өтіп жетілуіне мүмкіндік берген. Атам қазақ бұл екеуінен өтпеген жасты «көргенсіз» деп сөгеді. Көргені, тәлім алатын мектебі болмағандығын меңзегені. Қанша жыл оқыса да, бірнеше табақтай диплом алса да тұла бойына тәрбие сіңбеген адамнан «көзінен басқа ойы жоқ», баюды, өзгеден озық тұруды мақсат тұтатын дүниенің құлы ғана шығады. Оларда көбінесе білім бар, қабілет те жоқ емес, бірақ алға қойған нақты мақсаты, қарауылға алатын қапысыз нысанасы жоқ.
Әскерден оралысымен Ерлан Нұрсайынұлы Көксу ауыл шаруа-шылық техникумын тәмамдады. Алайда білімін шаруашылықта сынауға мүмкіндік болған жоқ. Кеңестік шаруашылықтар тарап, нарықтық қатынасқа бейімделе қоймаған қоғам өгейлене бастады. Амалсыздан көштен қалмау үшін жеке тірлігін қамдастырды. 1990 жылы үйленіп, Зәмзәгүл атты қызбен тағдыр қосқан болатын. Отбасын асырау үшін Ерлан атқармаған жұмыс қалмады. Ақша табу амалымен тері өткізді, жүн-жұрқа жинады. Металл сынықтарын өткізіп, алғашқы капиталын қамдастырды. Өзін кәсіпкерлікте сынап көру үшін бұдан гөрі аумақтырақ жобаларды қолға алуға құлшынды. Дүкен ашты, зайыбы осындай сәтте сенімді көмекшісіне айналды. 2000 жылы бұған дейін иесіздікке ұшырап, қаңырап қалған бұрынғы аудандық коммуналдық шаруашылықтың алаңын алды да, көмір қоймасына лайықтап жабдықтап алды. Екі КамАЗ машинасы, бір Газ автокөлігі бар. Бұған қосымша жекеменшіктен 3 машинаны жалдап, жұртшылықты қысқы отынмен қамдауға кірісті. Еңбегі еш болған жоқ. Бұрын жеке көлік иелері әкелген көмірді шарықтаған бағасына қарамай алуға мәжбүр болатын көпшілік енді Ерланның көмір қоймасын төңіректейтін болды. Себебі мұнда баға тұрақты, көмір үйіңізге жеткізіліп береді. Осындай сенім арқалаған сарқандықтардың көмір қоймасының тұрақты сатып алушысы болмасына лажы да жоқ еді.
Кәсіпкерлік деген қалың елдің сұранысына негізделеді. Етек-жеңін жинаған елді мекендер, жекеменшіктер енді ауласын, төңірегін, қоғамдық орындарды абаттандыруға ден қойды. Сондайда Ерлан цементтен, тас пен қиыршық құмнан жасалатын брусчатка — әрлеуіш төсеніштер дайындауды жоспарлады да мақсатын көп ұзамай жүзеге асырды. Арнайы қалыптарды жеткізіп, 3 адамды тұрақты жұмысқа алды. Соның нәтижесінде өткен жылдан бері өнімділігі күніне 30 шаршы метр шағын цехтың өнімі сұранысқа сай сарқандықтардың игілігіне ұсынылды.

-Өткен жылдары санитарлық талапқа сай қаланың шетіне шығарылған мал базарына иелік ету туралы ұсыныс түсті,-дейді Ерлан әңгіме арасында. -Сенім білдірілген соң бас тартпадым. Әйтпесе шаруасы әлі де шаш етектен. Мал қорасын, жем қоймасын, қасапхана салу негізгі міндет. Ашыла салысымен біздің мал базарына Қапал, Ақсу өңірінен мал саудалаушылар ағылып келіп жатыр. Алушысынан сатушысы көп заман десек те қадағалаушысы, тәртібі бар мұндай базар ел-жұртқа қажет.
Ерлан мен Зәмзәгүл екі ұл тәрбиелеп, олардың өмірден өз жолдарын табуына бағыт-бағдар берген мерейлі ата-ана. Тұңғыштары Диас шекарашылар академиясын бітірген. Мамандығы бойынша бірнеше жыл қызмет атқарып, бүгінгі таңда әкесінің ісіне көмектесуде. Үйленген, келіншегі Нұргүл екеуінің ортасында перзент өсіп келеді. Екінші ұлдары Олжас Қазақ Ұлттық университетінде заңгер мамандығын алу үшін оқып жүр.

-Екеуінің ынтымақ-берекесіне қызыға қараймын,-дейді ұзақ жылдан бергі көршісі Жанат Мұхаметқалиұлы. -Ың-шыңы жоқ, үндемей-ақ үлкен іс тындырып келеді. Балалары бос уақыттарында спортпен шұғылданып, негізінен ата-анасының қолдарын ұзартып жүр. Тәрбиесі мығым, демек перзенттерінің келешегі де жарқын. Барлық отбасы осындай болса еліміздің ілгері басарына сөз жоқ.

Көршісінің әрі ағасының лебізі осындай. Мұндай пікірді Ерланды білетін екінің бірі айтады. Бір-бірін алдауға бейім тұратын қоғамда жақсылыққа жақын, адалдыққа қоңсы қонған азаматтар көзге бірден шалынады. Балалары оқыған мектепке, жағдайы төмен отбасыларына демеуші болып, көпке шұғыла шашатын жомарт жүректі жандардың көбеюі қалың елдің ырысы емес пе?

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: