КӘСІПКЕР КЕЛІНШЕК: «СҮЙІКТІ ІСІҢМЕН АЙНАЛЫССАҢ, ЕШҚАШАН ШАРШАМАЙСЫҢ»

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді аталы сөзге тоқтай білген қазақ. Бүгінде істің қиюын келтіріп, нәпақасын кәсібінен тауып жүрген жандарды көргенде іштей қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны одан әрі дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, қандай да бір істі бастағанда кедергілер мен қиындықтарға тап болатының рас.

Сондықтан оған даүлкен еңбек, сабырлылық пен ептілік және терең ізденісқажет. Сонда ғана ойлаған биікке көтеріліп, арман-мақсаттарға жетугемол мүмкіндік туады. Қазіркөптеген кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында ісін бастап, кәсіптерін кеңейтуде. Мұндай іскерлерді аймағымыздың кез келген түкпіріненкездестіруге болады.

Солардың бірі – Бақыт Қаржаубаева. Кәсіпкер келіншекпен әңгімелесіп, «Береке» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын көру үшін арнайы іздеп бардық. Қонаев қаласындағы шағын ғимараттың бір бөлмесін жалға алып, сән салонын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер қыз-келіншектердің бет-әлпетін сұлуландырып, кірпік, қас жасаумен айналысады. Тырнақ бояп, ретке келтіреді және шугаринг жасайды.

Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған Бақыт Қаржаубайқызы кәсібі жайында әңгімелеп, атқаратын қызметімен таныстырды. Айтуынша, мамандығы – бағдарламашы. Бірақ, ол сауда саласында жұмыс істеген.

Кейіннен кәсіппен айналысуды ойға алып, Қонаев қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына барып, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша тың идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік грант алуға жүгінген. Осылайша кәсіпкер келіншек өткен жылы 583 400 теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізеді. Бұл қаражат сән салонын ашуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.

– Кез келген іскер келіншек өз ісінде биіктен көрініп, жетістікке жетуді қалайды. Ал оған қалай қол жеткізуге болады? Әрине, оған алдымен үлкен еңбек керек. Кәсіп бастар алдында арнайы оқудан өттім. Қазіргі ісім өзіме ұнайды. Таңертең жұмысқа асығып барамын. Себебі, сүйікті ісіңмен айналысу ешқашан шаршатпайды. Жастарға айтарым, еш нәрседен қорықпау керек. Тек, еңбектену керек, – дейді кәсіпкер келіншек.

Қазір оның тұрақты тұтынушылары да бар. Бұл жерге әдемілену үшін күніне орта есеппен 5-6 қыз-келіншек келеді. Бақыт Қаржаубайқызы Үкімет тарапынан көмек беріліп жатса, соны пайдаланып, келешекте ісін кеңейтуді қалайды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото — Мейірхат ТОЛҚЫНОВ

Алматы облысы

Мәліметпен бөлісу: