Апта басында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Сарқан аудандық филиалының кезекті XV есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Есепті жиынды ашқан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ермек Алинов қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, көпшілік дауыс беру арқылы жұмыс ретін белгіледі. Атап айтқанда аудандық кәсіподақ комитетінің 2014-2018 жылдар аралығында атқарған жұмысы және Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыруда аудандық комитеттің міндеттері, аудандық кәсіподақ комитеті тексеру комиссиясының жұмысы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасын, комитет және тексеру комиссиясы мүшелерін және Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының XVІ есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау. Негізгі баяндаманы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ермек Шопиянұлы жасап, басшылық мерзімінде аталмыш ұйымның атқарған жұмысын жан-жақты ашып көрсетті. Оның ішінде жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы міндеттер мен құқықтардың қорғалуы, екіжақты келісімдер, еңбек заңнамасының сақталуы, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру сынды көкейкесті мәселелер қозғалды. Тексеру комиссиясының төрайымы Алмагүл Дармишева қаржылардың мақсатты жұмсалуы бойынша жұртшылыққа өз есебін ұсынды.
Баяндамаларды талқылауға Балалар шығармашылық үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Аманғали Ахметқалиев, Балалар шығармашылық үйінің директоры Алтын Жаркенова, Черкасск орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнагүл Карамулдинова, Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, жастар кеңесінің төрағасы Сандуғаш Төребек шығып аудандық комитеттің 2014-2018 жылдары атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген бірауызды бағаларын берді.
Сондай-ақ аталмыш жиынға арнайы келген Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының басшысы Садық Әбдіқадыров жақсылық арқалаған биылғы Жолдаудың ұстаздарға ұтымды тұстарын айрықша атап өтіп, мұғалім беделін көтеруге бағытталған нақты ұсыныстармен биік мінбелерге шығатындығын жеткізді.
Сонымен келелі кеңестің негізгі мәселелері санатындағы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасын сайлауда көпшілік бірауыздан осынау лауазымға Алинов Ермек Шопиянұлын лайық көрді. Осындай тәртіппен комитет және тексеру комиссиясының мүшелері сайланып, облыстық жиынға делегаттар белгіленді.
Өз тілшіміз.