Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі жаңа мерекелермен толығу үстінде. Былтырдан бері елімізде «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекесі пайда болды. Үкімет басшысы тиісті қаулыға қол қойған соң аталмыш мерекелер кең ауқымда аталып өте бастады.
Халықаралық бекітілген күндерге сәйкес «Аналар күні» мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі. «Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі», – дегені белгілі. Отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екені анық. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында көрсетілгендей, еліміздегі отбасылық дәстүрлердің діңгегі – әулет мүшелерінің туған күнін атап өту екен. Бұл сауалнамаға қатысқан 86 пайыздан астам респонденттің ой-пікірі. Сондай-ақ отбасылардың жартысынан көбі жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз және тағы басқа мемлекеттік мерекелерді атаған. Сол себепті бекітілген әзіз әкелер мен ардақты аналарға арналған бұл атаулы мерекелер ұлттық болмысымызға сай жаңа мазмұнда тойланып, жалпыхалықтық сипат алады деген ойдамыз», — деген болатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. Сондай-ақ министр бұл мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналар мен әкелердің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етеді деп сенетінін жеткізген болатын. Тағылымдық, тәрбиелік мәні зор әкелер күні құтты болсын, жерлестер!