Тұтынушыға барынша сапалы, қолжетімді әрі жылдам қызмет көрсету қазіргі таңда өзекті болып отыр. Аталмыш мәселе бүгінгі күні түрлі деңгейлерде талқыланып, толымды нәтиже шығару бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Жуырда өткен аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті 11–ші отырысы да осыған бағытталды.
Аудандық әкімдікте өткен аталмыш отырыстың күн тәртібінде аудандық білім бөлімі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сөз болды. Кеңес талқысындағы мәселе бойынша алдымен бөлім басшысы Панар Иманғазиева баяндама жасады. Аудандық білім бөлімі көрсететін қызметтер тізіміне жан-жақты тоқталып, әрбірін тарқатқан Панар Әнуарбекқызы сондай-ақ саланың аяғына тұсау болып отырған бірқатар түйткілдерге мән беруге шақырды. Оның ішінде білім шаңырақтарын күрделі жөндеуден өткізу, оқушыларды тасымалдау сынды мәселелер көтерілді. 2019-2020 оқу жылдары барысына мемлекеттік қызметтердің топтастырылған тізіміне сәйкес аталған бөлімде 61 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Және қызметтердің көпшілігі заман талабына сай электронды түрде көрсетілген. Сондай-ақ аудандағы 26 орта білім беру мекемелерінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.
Бөлім басшысы кеңес мүшелері тарапынан туындаған сұрақтарға жауаптар беріп, жоғарыда көтерілген мәселелердің оң шешім табуына ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде қоғамдық кеңес білім сапасына әсер ететін басы ашық сұрақтардың әрдайым назарда болатындығын жеткізді. Кеңес шешіміне сәйкес Панар Әнуарбекқызының есебі қанағаттанарлық деп бағаланды.
Өз тілшіміз.