Кедергісіз келешек Қолайлы жағдай жасалуда


Қоғамның әр мүшесі кедергісіз өмір сүруі керек. Бұл орайда инфрақұрылымдарды бейімдеу шаралары тоқтаусыз жүргізіле беруі шарт.

Жуырда Сарқан ауданына «ELSTAR» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы, Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектердің құқықтары жөніндегі кеңесшісі, мүгедек адамдардың инфра­құрылымға қолжетімділікті қам­тама­сыз ету жөніндегі мониторинг тобы­ның мүшесі Вадим Друзин арнайы келіп мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік нысандарын бейімдеу жөніндегі мониторинг тобымен бірге сауда үйлерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалып жатқан жағдайды өз көзімен көрді.

«Біз талдықорғандық кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сауда үйлерінің басшыларына да жиі құлаққағыс етеміз. Сауда объектілері мен өзге де мекемелердің құрылтайшыларынан мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар жандардың нысанға кіріп-шығуы­на қолайлы жағдай жасау­ды сұраймыз. Барша азаматтар үшін кедергісіз орта құру – біздің ортақ міндетіміз», — дейді Вадим Викторович.

Жалпы, өңірде қолжетімділікті кешенді түрде қамтамасыз етуге және кедергісіз орта құруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте жаңа нысандарды салу кезінде мердігер ұйымдарға қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидаларын сақтау бойынша нақты талаптар қойылады. «Қазақстан Рес­­публикасында мүгедектерді әлеу­­­меттік қорғау туралы» Заңның 25-бабында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар ұлттық стандарттарға сәйкес мүгедектердің ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өнді­рістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiржол бекеттерінде, автобекеттер мен тұрақтарда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына жағдай жасауға мiндеттелген.

Тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі жанның алдынан кездесетін мәселе аз емес. Кедергісіз қозғалыс арқылы олардың қажеттілігіне жағдай жасау – сол мәселелердің ішіндегі маңыздысы болып табылады.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,

Сарқан ауданы.

Мәліметпен бөлісу: