“Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл” демекші сәуір айының 13 күні Бақалы ауылдық мәдениет үйінде «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының бастауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Пай, пай қазақтың келіндері- ай» атты мәдени-ағарту, көпшілік шарасы ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға К.Қазыбаев, Бақалы және Тасқұдық ауылының келіндері қатысып, тек ән-жыр айтумен шектелмей, салт-дәстүрмен сабақтасқан сұрақтарға жауап беріп, қазақтың салт – дәстүр құндылықтарын дәріптейтін көріністер қойды.
Бұл көріністерден ұмыт болған салт-дәстүр, этностың мінез — құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ой, этикалық көзқарастары көрінді. Сондай- ақ қазақ келіндерінің тапқырлығы, өзін- өзі ұстау мәдениетінің жоғарылығы, орынсыз сөйлемейтіндігі, жасы өзінен үлкен-кішілігіне қарамастан ер адамды сыйлайтындығы сияқты көптеген адамгершілік қасиеттерін көруге болады.
Халқымыздың рухани өзегі болған, ежелден бері қалыптасып келе жатқан, өткен күннің еншісінде қалып, заманның ағымына қарай өзгеріске ұшырап, ерекшеліктерге ие болғанымен бүгінге дейін жалғасын тауып, ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрыпы мен дәстүрлі мәдениетін насихаттаған келіндеріміз Каурамбекова Гульмарал, Өмірзақ Жансая, Даулетбаева Дина, Қабдолданова Арай және Оралбаева Жанар жүлделі орындарды иеленді. Жеңімпаздарға шаруа қожалық басшыларының демеушілігімен бағалы сыйлықтар мен мадақтама грамотасы табысталды.
Сәуле Құрманғалиева,
Бақалы ауылдық кітапханасының кітапханашысы, бастауыш партия ұйымының мүшесі.