Келіскен істе кемдік жоқ

Жуырда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында шаруа қожалықтарының жетекшілері, СДО-ның басшылары, қала, ауылдық округтер әкімдерінің басын қосқан «Аудан бойынша қант қызылшасын себу жұмысын ұйымдастыру және көктемгі дала жұмыс-тарына дайындық» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

 

Жиынды ашқан аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы осынау басқосуға қызылша өсіретін мүдделі тараптармен қоса Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары К. Омаров қатысып отырғанын мәлімдеп негізгі баяндама жасауға өзінің  орынбасары А. Мұхановты шақырды.

Арман Тұрсынұлы өз баяндамасында барлық егістік алқаптарына биылғы жоспар 2500 га жерге себілетін қант қызылшасы, дәнді, майлы дақылдар, ауыл шаруашылық техникалары туралы толыққанды ақпарат ұсынып, аудан басшылығымен алға қойылған мақсат туралы айтты. Осы уақытқа дейін 4 сервистік дайындау орталығы болса биыл Қарабөгет ауылынан Бижанов орталығы құрылғанын да еске салды. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына жұмыс жоспары бекітіліп, нақты істер атқарылуда екенін жеткізді.

Негізгі баяндамашыдан кейін мінберге Пограничник, Қарабөгет ауылдық округтері, Сарқан қаласының әкімдері Е. Дармышев, М. Кәріпжанов, А. Орынбеков шығып, өздерінде қызылша себу жұмыстары жоспарға сай атқарылатынын айтса, Сарқанирригация кәсіпорнының басшысы З.Әшірбеков қант қызылшасына жұмсалатын су көлемін жұртшылық назарына ұсынды.  Ал Ақсу қант зауыты бас инженерінің орынбасары Қ. Қайыркенұлы өндіріс тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. «Жетісу» ӘКК-нің департамент директоры М. Асанов, «ЭКОРОСТ Қазақстан» ЖШС директоры Д. Қилыбаев, «Қамқор» ЖШС басшысы Ә. Жолдасов, «Пестициды» ЖШС өкілі М. Хан, Агротех басшысы С. Бекмағанбетов, «Казагро» несие серіктестігінің басшысы Е. Мұқашов өздері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды санамалап берді.

Жиын соңында сөз алған облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Аманұлы қант қызылшасымен айналысам дегендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жәрдемді жұртшылық санасына жететіндей етіп ұсынды. Жиылыс соңы мүдделі тараптардың өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алуымен аяқталды.

 

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: