Әкені аңсау


Түсіме енді әкем бүгін,
Бұрынғыдай күлімдеп.
“Тұр, еңсеңді көтер, күнім,
Жабырқама, ұлым!”деп.

Аялады маңдайымнан,
Абзал әкем, нар тұлғам.
Қиындықтың қандайынан,
Қайыспаған салқын қан.

Не болды деп, балапаным,
Түсіме енді-ау жарықтық.
Жылы табы алақанның,
Маңдайымда қалыпты.

Көңілім қап көп кісіден,
Тауым талай шағылды.
Дөп басқандай түсіме енді,
Жасып жүрген шағымды.

Арына дақ түсірмеген,
Алатаудай айбарлым.
Жебеп жүрген түсімде де,
Әруағыңнан айналдым!!!

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: