Кербұлақ ауданы толық газдандырылды: ауданның 33,3 мың тұрғынына табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалды

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында тағы он ауылдық елді мекен табиғи газға қосылды. Осылайша, ауданның өңірлік газдандыру бағдарламасына енгізілген барлық 26 елді мекені толықтай газдандырылып, 33,3 мың тұрғын табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне ие болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Кербұлақ ауданын газдандыру жобасының бірінші кезеңінде ауданның 16 елді мекеніне табиғи газ жеткізілді. Осы кезеңде 374 шақырым газ желісі салынып, 25 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған газ жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жобаның екінші кезеңі аясында 238 шақырым газ тарату желісі салынды. Соның нәтижесінде Байғазы, Алтынемел, Тастыбастау, Ақбастау, Доланалы, Жайнақ батыр, Жаңалық, Шаған, Тастыөзек және Қоғалы ауылдарының 7,9 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Осылайша, Кербұлақ ауданының өңірлік газдандыру бағдарламасына енгізілген 26 елді мекеніндегі 33,3 мың тұрғынның барлығы табиғи газға қол жеткізді, — облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев.

Сонымен қатар ауданды газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұған дейін өңірлік газдандыру схемасына енгізілмеген тағы алты елді мекенді газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2027 жылы Сарыбастау, Қарашоқы, Арқарлы, Сәмен, Шилісу (ферма) және Малайсары ауылдарында газ желілерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жерлестерін құттықтаған Көгалы ауылының тумасы, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Дамир Гуламов бүгінде тұтынушылар үшін газға қосылу рәсімі едәуір жеңілдетілгенін атап өтті. Оның айтуынша, енді ауыл тұрғындары техникалық шарт алу үшін Сарыөзек ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, өтінімді eGov Mobile қосымшасы арқылы бере алады. Ал ай сайынғы газ есептегіш көрсеткіштерін жолдау үшін «QAZAQGAZ AIMAQ» мобильді қосымшасы арқылы есептегіштің суретін түсіру жеткілікті. Қосымшаға енгізілген жасанды интеллект көрсеткіштерді автоматты түрде танып, мәліметтерді жүйеге жібереді.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев өз сөзінде табиғи газды қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ тұрғындарға газды қауіпсіз қолданудың негізгі қағидалары жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды.

Жергілікті тұрғындар атынан Қоғалы ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауыл тұрғыны Серік Тұрбеков сөз сөйлеп, ауыл халқының атынан газдандыру жобасын жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

– Біздің ауылдың климаттық ерекшелігіне байланысты жылыту маусымы жыл сайын ұзаққа созылатын. Табиғи газ келген соң енді көмір дайындау машақатынан және күн сайын пеш жағу міндетінен біржола құтыламыз. Осындай ауқымды әрі маңызды істі жүзеге асыруға үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Барша жерлестеріме әр шаңыраққа жылулық пен молшылық тілеймін, – деді ол.

Атап өтсек, Жетісу облысы құрылған кезде өңірдегі небәрі 5 елді мекен ғана газдандырылған болатын. Бұл облыс халқының шамамен 27 % ғана қамтыған.

Бүгінде Жетісу облысындағы газдандыру деңгейі 67,2 % жетті. Қазіргі таңда Панфилов ауданындағы 12, Қаратал ауданындағы 3 және Ескелді ауданындағы 1 елді мекенді қоса алғанда, жалпы 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Осы жобалар толық іске асырылғаннан кейін Жетісу облысында газдандырылған елді мекендер саны 126-ға жетеді. Нәтижесінде өңір халқының 72 %, яғни 500 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: