Қазақстан Республикасы Әскери полициясының бас басқармасы жүргізген сараптамалық-талдау жұмыстары көрсеткендей еліміздің Қарулы күштері бұрынғыдай жемқорлық жегіқұрты берік ұя салған құрылымдардың бірі санатында. Былыққа белшесінен батқан ішкі істер органдары, мемлекеттік кіріс және қылмыстық-атқару жүйесінен кейін жемқорлық бойынша осынау күштік құрылымның берік орнығуы күресті қай майданда жүргізуіміз керектігін айғақтап тұр. Жыл басынан бергі яғни, 3-4 айдың ішінде еліміз бойынша тек қана Қарулы күштерде жең ұшынан жалғасқандардың 12 дерегі анықталуы біраз жайттан хабар бергендей.
Қоғам дертіне айналып, мемлекетіміздің дамуына елеулі кедергі болып отырған осынау сыбайлас жемқорлықпен күрес қашанда күн тәртібінде. Жуырда аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қабырғасында өткен жиын осы өзекті мәселені өзіне арқау етті. Шараны аталмыш бөлім бастығы, майор Талғат Әлсейітов ашып басқосуға арнайы келген меймандарға сөз ұсынды. Сөз тізгінін ұстаған Талдықорған гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, әділет подполковнигі Алиархан Рүстембаев қазіргі таңда кез келген салаға көлеңкесін түсірген жемқорлық турасындағы өз ойымен бөлісіп, мекемеде сыбайластық деректерімен батыл күресуге үндеді. Сонымен бірге мейман бақылау-өткізу пунктіндегі қауіпсіздік, бөлім ішіндегі тәртіп қатарлы мәселелерді басты назарда ұстауды қатаң тапсырды. Еліміз бойынша жемқорлық деректерімен ұсталған жоғарғы әскери лауазымды және қатардағы қызметкерлер туралы бейнебаян өз көрерменіне ой салғандай. Бұдан соң Талдықорған гарнизоны әскери полиция бөлімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша аға офицері, әділет майоры Нұрлан Сатбалдинов бармақ басты, көз қыстылықтың ауыр салдары жайында кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ осынау бағытта өздері тарапынан жасалып жатқан жұмыстар Нұрлан Жусинұлының ойына арқау болды. Нақты кесілген мерзімді жаза немесе миллиондармен өлшенген айыппұл, тәркіленген дүние-мүлік, айрандай төгілген абырой, ұрпақ болашағына кесірі тиген кесел. Заң талаптары аясында қызмет жасау осынау барлық келеңсіздіктердің алдын алады. Жиын түйіні осыған сайды.
П.Жеңісхан.