Енді SMS-хабарлама арқылы жаңа туған баланы тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеуге болады. Қызмет алушы SMS-хабарламаға жауап ретінде өзі тіркеуде тұрған жердің мекенжайын жазып жіберсе, меншік құқығы туралы мәліметтер тексеріліп, меншік иесі рұқсат берген жағдайда нәрестені көрсетілген тұрғылықты жерге тіркейді.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің бірігуінің арқасында баланың өмірге келуіне байланысты көрсетілетін композиттік қызметтер проактивті принциппен ұсыныла бастады. Соған сәйкес нәрестені тіркеу өтініштері автоматты түрде жасалып, жаңа босанған аналардың телефонына бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді SMS-хабарлама арқылы алуға ұсыныс жіберіледі. Нәтижесінде, балалы болған ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офистеріне бармай-ақ, телефон көмегімен туу туралы куәлік пен тиесілі жәрдемақыларды рәсімдеу, балабақшаға кезекке қою сияқты мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болды.
Жуырда аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде баланың өмірге келуіне байланысты көрсетілетін композиттік қызметтерді проактивті принциппен ұсыну және тұрақты имидж қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Кездесу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Алматы облысы бойынша филиалының «ХҚК» бойынша Сарқан аудандық бөлімінің маманы Ерлан Әлібекұлы Шарапиев жаңа туған нәрестелердің аналары мен перзентхана бөлімі қызметкерлеріне жыл басынан іске асып келе жатқан осынау жобаның артықшылығы мен пайдасы туралы айтты. Ал біз тілдесіп, дүниеге перзент әкелген Талдықорған қаласының тұрғыны С. Хужаниязова мен сарқандық Е. Мусетова бір ауыздан аталған композиттік қызметтің өздеріне тигізер ыңғайлы әрі тиімді тұстарын санамалап берді.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.