Биыл Қазақстан Республикасының төл заңы –Конституциямызға 25 жыл толып отыр. Ғасырлар тоғысында асқақтай көтерілген Тәуелсіздік туы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан жүз жылдар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жеткіздік. Ішкі-сыртқы саясатымызды ұлттық мүдде арнасында жүргізіп, демократиялық даму жолына түстік. Зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың берік іргетасын қалап, өркениет көшінің бел ортасынан орын алғанымызды әлем жұртшылығы мойындауда. Халықаралық аренадағы, экономикадағы, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткен оң жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттігіміздің сара саясатын айқындап берген Ата Заңымыз- Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады.
Әр елдің жазылған, жазылмаған өз конституциялары бар. Қазақ елінде аталмыш идеялар Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті Жарғысында нақты көрініс тапқан. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданды.Көп ұлтты мемлекетімізде ұлттар мен ұлыстардың татулық, бірлігіне қомақты үлес қосты. Тәуелсіз елімізді өркениетті әлемге танытып, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш-білім және білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлкен мән берілді. Ол үшін оқу керек, оқу үшін- кітаптің маңызы зор. Сондықтан да бабаларымыз «Кітап-білім бұлағы, білім өмір шырағы», «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деп, өсиеттерін келешек ұрпаққа айтып кеткен.
Әлемдік өркениеттің алдыңғы сапынан орын алуға бет түзеген ел тарихында жаңа кезең, дағдарыстан дамуға бет бұрған, жаңа жетістіктерге толы кезең басталды.Осынау қол жеткен жетістіктерді баянды ете отырып оны ары қарай жалғастыру елінің ертеңінен үміті бар, еліне қамқор бола білетін әрбір азаматтың абыройлы борышы. Тәуелсіздігіміздің кепілі — Конституциямыздың тұғыры биік болғай. Конституция-тек заңдар жинағы емес, күллі қазақ елінің төлқұжаты екенін ұмытпайық!
Б.Ақыпбекова,
Алмалы ауылының кітапханашысы.