Латын әліпбиі — қазақ тілінің жаңа көкжиегі

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалының ғимаратында «Латын әліпбиіне көшу-болашақтың бағдары» атауымен ауқымды жиын болып өтті. Аталмыш партияның аудандық филиалы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен басқосу Елбасының латын әліпбиіне көшу саясатын қолдау мақсатын көздеді. Егемен ел үшін өте өзекті мәселені көтеріп отырған шара шымылдығын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жәлел Құдияров кіріспе сөзбен ашып, осынау бағытта өңірімізде жасалып жатқан нақты жұмыстарды тізбеледі. Ортақ мәселе бойынша баяндама жасаған Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің мұғалімдері Салтанат Смағұл, Әсел Исыпқали, Жазира Бірлік жан-жақты әрі нақты дәлелдерді тілге тиек ете отырып, өз ойларын өрбітті. Ата-бабаларымыз қолданған латын әліпбиі қазақ тілін жаңа көкжиекке көтеретіндігін өз сөздеріне арқау еткен ұстаздар сондай-ақ аталмыш білім ордасында бұл бағытта қолға алынып жатқан шаруаларды да айтып өтті. Сұрақ-жауап алмасу, пайымды пікірлер, ұтымды ұсыныстарға да кезек берілді. Жиынды «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов қорытындылап, Елбасы алға қойып отырған ортақ міндетті бірлесе жүзеге асыруға үндеді.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: