Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің кезекті Жолдауларының бірінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманға ақпараттың тіліне айналдырады «-деген болатын.
Біз латын әліпбиіне көшу барысында не ұтамыз, латын әліпбиі бізге не береді? Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымызды былайша жіктеп көрсетуге болады: Ең алдымен,тіл тазалығы мәселесі, қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі бодандық жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін қалыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Сондықтан да тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден, латын әліпбиіне көшу — қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефондарымыздың өзінде латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақшаны тере алмай қиналып жататынымыз бар.Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан, әрі ауқымы кең.
Үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен.Ал қалған мемлекеттердің көбі толықтай латын әліпбиіне көшкен. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол-табиғи іс. Сондай-ақ бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақтар тұратынын ескерсек, солардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданатын көрінеді. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшер болсақ, сол қандастарымызбен жақындаса түсеміз. Түсіне білген қоғам үшін мұның да маңызы зор екенін атап көрсеткім келеді.
Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға қарыштап, өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Қуантарлығы бүгінде аудандық кітапхана қызметкерлері Алматы облысының «Тіл оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекеменің Сарқан аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Мұсабаева мен бас маман Назым Тултекенованың даярлық сынып сағаттарынан үйреніп оқыту курсынан өтіп, тиесілі анықтама құжаттарын алдық және осы ұжымға айтар алғысымыз шексіз, өте білікті білімді мамандар қызмет атқаруда. Жоғары деңгейде сабақ қызықты практикалық тәжірибе түрінде өтті. Барлық кітапханашыларға осы курстан өткен анықтамалар табысталды.
Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Әлеуметтік желілерде де ағылшынша жазатын жастардың дені күннен күнге артуда. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей көпшілік арасында кең таралып, ауқымы кеңейе түсетініне сенімдіміз. Сондықтан да латын әліпбиіне көшуден қорқуға еш негіз жоқ деп ойлаймын.
Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, сол ғалымдарымыздың жан-жақты еңбегі сараланып, түрлі әдістемелік жұмыстар жүргізілетінін түрлі ақпарат көздерінен оқып-біліп танысып жатырмыз.
Сол ғалымдарымыздың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау білдіру, жақсыны үйренбекке ұмтылу – жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті деп түсінемін!
Айсұлу Сейполдина, аудандық кітапхана әдіскері.