Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көптеген қазақ тілшілері латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Латын әліп-биіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен еді. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болғаны да белгілі. Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: араб, латын және кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген латын әліпбиіне көшу саясатын қолдаймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық — тіл ауыс-пай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсем, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз.
Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды.
Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуге өз үлесін қосады деген ойдамын. Оған дәлел, бастауыш буыннан бастап тілдің үш тұғырлығының басымдығының бастау алуы.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз— қорқақ, қол—батыр», — деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты, нық қадаммен алға басайық!
Тілеужан ӘСКЕРБЕКҰЛЫ,
Черкасск ауылдық округі əкімдігінің
бас маманы.