Әлем назары Екпіндіде

Талдықорғандағы жағажай аумағында парапланнан әлем кубогының ашылу рәсімі сән-салтанатпен ерекше өтті. Қонақтар ашық аспандағы ерекше шоуды тамашалап, ән мен биді, соңынан отшашу шоуын көрді. Әлем кубогына 30 елден 100-ден аса спортшы қатысады. Ал еліміздің намысын електен өткен 7 парапланшы қорғайды.

Әуелі облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол Жетісу жерінде парапланнан Әлем кубогының өтуін айрықша мәртебе санайтындығын жеткізді. Жетісудың таңдалуы кездейсоқтық емес екенін айтып, жаһаннан жиналғандардың қызығушылығы артып, туризмді дамытудың бір бөлігі болатындығына тоқталды.

Артынша парапланнан әлем чемпионы, үздік спортшылардың бірі – ирандық Мохсен Мансури Талдықорған аспанынан түрлі әдіс жасап, тура жағажайға келіп түсті. Жиналғандар әп-сәтте спортшыны қаумалап, қонаққа ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Жаһан парапланшыларының алдында беделі бар ирандық: «Жетісудағы табиғаттың сұлулығын бір сөзбен сипаттау мүмкін емес», – деп қысқа қайырды. Жалпы әлемнің мықтылары жыл сайын Жетісуда бір басқосуды дәстүрге айналдырған. Ел туризмін дамытып, табиғатымызды күллі әлемге танытудың бір жолы осы болса керек.

– Жан-жақтан келген қонақтар біздің аймақтың артықшылығын жоғары бағалайды. Әр келген сайын ерекше әсермен қайтады. Біздің негізгі мақ- сат – әуе спортындағы және халықаралық туризмдегі зор әлеуетімізді әлем алдында паш ету, – дейді жарысты ұйымдастырушы Давид Виршки.

Ескелді ауданына қарасты Екпінді ауылының маңындағы аумақта өтетін парапланнан әлем кубогы 28 маусымға дейін жалғасады. Сол аралықта жан- күйерлер «Pre – Srs / Kazakhstan Open» Халықаралық кубогы, дәлдікке қону бойынша параплан спортынан Педро Тирадо кубогы, дәлдікке қону бойынша параплан спортынан чемпиондар лигасының кубогы және параплан спорты бойынша Әлем кубогы және Азия турын тамашалай алады.

Серік ҚАНТАЙ

Мәліметпен бөлісу: