Бүгінгі күні ғаламтордың қолжетімділігі – заманауи үдерістердің біріне баланады. Интернеттің игілікке айналуы – өміріміздің ажырамас бөлігі ретінде ғана емес, сондай-ақ әлемдік алға жылжудың қажетті шарты ретінде қабылданады. Алайда, өзгермелі әлемде жағымды жаңалықтармен қатар, қабағатқателіктері де қатар жүретін қауіп-қатерлерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Солардың арасында киберқауіпсіздік мәселелері адамзатты алаңдатып отыр. Қауіп-қатері ядролық қарудан кем түспейтін осы бір «киберқауіпсіздік» тақырыбы жайлы аз-кем ой қорытпақпыз.
Жалпы, қарапайым ғана ғаламтордағы сауда-саттық жасаудағы алаяқтық деректері былай тұрсын, цифрлы жүйелерді бұзу, елдің электронды әмиянындағы жиған-тергенін жымқыру сынды фактілердің кездесуі барлығымызды алаңдатуы керек. ІТ-технология саласының мамандары киберқылмыстардың жиілей түскенін айтып дабыл қағуда. Мамандардың сөзіне сүйенсек, киберқылмыскерлер көп жағдайда адамдардың аңғалдығы мен сауатсыздығын пайдаланады. Елімізде қылмыстың осы түрі үстіміздегі жылы 47%-ға жоғарылаған. Ғаламтордағы ашық ақпараттарға жүгінсек, цифрлы технологияны қолданатын әрбір төртінші қазақстандыққа кибершабуыл жасалады екен. Шабуылдау процесі елімізде бір жылдың ішінде 54%-ға көбейген. Киберқылмыспен күресуші органдар хабарлағандай, шабуыл жасаушылар мекеменің ішкі құжаттары мен ақпаратын алуға тырысады. Көп жағдайда жалақы жайлы ақпарат, еңбек келісімшарттары, қаржылық құпия құжаттарға шабуылдар жасалады.
Иә. Кезінде «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» деген мақал құлаққа әбден сіңісті болып еді. Қазір оны «Заманына қарай – залымы» деп икемдеген дұрыс па деп ойлаймын. Өйткені, бүгінгі күнгі киберхакерлер – жай ғана адамдар емес, бұлар үлкен қаржылай ресурстарға ие болған күш. Негізінде, киберқылмыстан зардап шеккендер қылмыстық қол сұғушылыққа душар болғанын дәл уақытында түсіне қоймайды. Құқық қорғау органдарына қылмыс туралы хабар кеш түсіп жатады. Оның үстіне, киберқылмыстарға қатысты қылмыстық істер бойынша анықтау және тергеу істерін жүргізетін мамандардың техника саласын жетік білмеуі және компьютер жүйелері мен желілерінде қорғаныс жүйесінің төмен болуы осы бағыттағы жұмыстардың ілгерілуіне кедергі болып отыр. Соның кесірінен ақпараттық технологиялармен атқарылатын киберқылмыстар экономикалық қана емес, лаңкестік әрекеттер үшін де пайдаланылатынын ескерсек, қоғамға іріткі салудың алшышарттары өзінен өзі-ақ аңғарылады.
Осындай бірсыпара мысалдардың түп-тұқиянына үңілсек, онда 2011 жылды еске түсірген абзал. Ол кездері Иранның уран байыту орталығының компьютерлік жүйесінде центрифугалардың айналу жылдамдығын өзгерткен Stuxnet атты вирус табылып, бұл олардың істен шығуына әкеліп соққаны белгілі. Өз кезегінде бұл оқиға тіпті технологиялары дамыған елдердің энергетика және сумен жабдықтау сынды маңызды өнеркәсіптік нысандарын қорғауды күшейтуге мәжбүр еткенінен хабардармыз. Сол сияқты қазір инфрақұрылымдық және қорғаныстық кәсіпорындардың сайттарында орын алатын киберқылмыс тәуекелдерін естен шығармаған жөн.
Өзіміздің елде орын алған жағдайды таразылап көрейік. Алматы қаласында «Интернет-банкинг» электронды жүйесі арқылы кәсіпкерлердің шоттарынан ақша ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әшкереленгенін оқырман қауым әлі ұмыта қойған жоқ. Тергеуде айқындалғандай, қылмыскерлер Бас прокуратураның атынан ғана емес, сонымен қатар, Салық комитетінің, Қаржы министрлігінің, аталған министрліктегі Мемлекеттік кірістер комитетінің және әртүрлі қызметтердің де атынан хаттар жібергені мәлім болды. Шындап келгенде, жоғарыда атап өткендей, киберқылмысқа ұрынған компаниялар да, жекелеген адамдар да мұндай жағдайға тап болғанын дабыра ете бермейді. Ал, мұның теріс ықпалы – айтарлықтай ауыртпашылықтарға әкелуі әбден мүмкін.
Біздің еліміздегі коммерциялық құрылымдар кибер шабуылдардан әлсіз қорғалғаны әлсін-әлсін айтылып жүргенін атап өтпеске тағы болмайды. Біз түгілі, ақпараттық технологиялардың қызметіне бізден бұрын жүгінген алпауыт елдердің де іскерлері арнайы ұйымдасқан кибертоптардың әрекетінен адам ақылына сыймайтын шығындарға шырмалып отыр. Мәселен, қылмыскерлер ұрланған немесе жалған карта көмегімен тауар сатып алып, оны сыбайластарына жолдап, тауардың орамасын өзгертіп шетелге жолдайды. Сатушы кредиттік картаның жалғандығын анықтап үлгергенше тауар өзге елге кетіп қалады. Сондықтан да мұны ойлантатын мәселе деп баса айтар едім.
Тағы да бір баса айтатын жәйт: Киберкеңістіктің мүмкіндіктері аз ғана уақыттың ішінде көптеген адам өмірімен өлшенетін проблемалар тудыруға қабілетті екені талайларды шындап ойландыруда. Сондықтан бүгінде мемлекеттер өзінің ұлттық киберкеңістігін қорғау мақсатында шаралар кешенін құруға көптеп назар аударуда. «Цифрлану» үдерісіне қадам басқан әлемде «Киберәскер», «Киберқару», «Кибербарлау», «Киберқорғану» сынды ұғымдардың қолданысқа енуі және соған қарасты салалардың пайда болуы тектен-тек емес.
Жалпы, киберкеңістіктің дәстүрлі қауіп-қатерлері болып табылатын алаяқтық, троллинг, арандату сынды жағымсыз әрекеттердің қатарына қазіргі таңда «терроризм және діни экстремизм» қосылды. Мен өзім қызмет ететін Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығында деструктивті діни ағым ұстанушыларының азаматтарды алдап-арбау тәсілдері арқылы қатарларына қосып алу әрекеттерімен жиі ұшырасамыз. Әлбетте, қазір бұрынғыдай көшеде діни насихат айтып, өз сапына тартып әкету фактілері анағұрлым азайды. Дегенмен, өздерінің әккілігі мен айлалығының арқасында олар жастардың, діни фундаменті әлі бекімеген адамдардың санасына ғаламтор арқылы ықпал етуде. Мемлекет тарапынан күнделікті бақылау орнатылып, рұқсат етілмеген және ҚР аумағында қолдануға болмайтын сайттарды бұғаттаулар мен әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктерге тартуға қарамастан, деструктивті ағым мүшелері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап үлгерді.
Алматы облысы Дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» тұрақты түрде интернет кеңістігіндегі деструктивті діни идеологияларды насихаттайтын дереккөздеріне мониторинг жұмыстарын ауқымды түрде жүргізуде. Осы мақсатта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетімен бірлесе әлеуметтік желідегі деструктивті идеологияны насихаттайтын парақшалар мен видео хостингтерді, топтарды анықтап, насихат көздерін бұғаттау жұмыстарын жүргізеді. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда. «Дін істері комитетінің» ұсынысымен іске қосылған «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы әлеуметтік желілердегі теріс идеологияны насихаттаушы контенттерді анықтауға, оларды сараптама арқылы бұғаттауға мүмкіншілік туып отыр. Сондай-ақ аталған бағдарлама анықталған заңсыз материалдарды бірыңғай есепке алуға және де объективті статистиканы қалыптастыру мен визуалдауға зор көмегін тигізуде. Сондықтан да интернет ресурстарында қоғамға кері әсерін тигізетін деструктивті діни ағымдардың таралу ауқымын сәл де болса тежейтін осындай сынды қосымшалар мен бағдарламалардың болғаны, тіпті көптеп болғаны құба-құп. Қоғам тұрақтылығы мен тыныштығын, біртұтастығын басты бағдар қылып алған жас мемлекетіміз үшін бұл ойлантатын үлкен мәселе…
Қорыта айтқанда, Қазақстан үшін киберқауіптерден қорғану мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан әрбір саланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңызы зор. Қазақстан киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік деңгейдегі төтенше оқиғаларға немқұрайлы қарамауы керек деп ойлаймын. Өйткені киберкеңістіктегі сын-қатерлер барлық елдердің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні дәлелденуде.
Интернет ресурстарда
киберқадағалау мен контрнасихат
жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі
бастығының м.а.
Т. Айтбаев