Коронавирус деген көзге көрінбейтін жау сынды. Бастапқыда өз басымызға келмеген соң арқаны кеңге салдық. Енді, міне, аралас-құралас жүрген замандастарымыз баудай түсіп жатыр. Курстасымыздың екеуі осы дерт құрсауына ілінді де, бірі Астанада, екіншісі Таразда қос төмпешік болып қалды.
Соғылып соқпа дерттің сойылына,
Асықтың ата-баба қорымына.
Ындынын қанағаттың толтыра алмай,
Қара жер қаусырыпты қойынына, — дейміз біз күйінішімізді жасыра алмай.
Ауырма, аман бол, балам!
Жуырда ақын Алмас Темірбайдың өлеңі назарымды аударды:
Бәріне дұғай сәлем де,
Ауырма, аман бол, балам!
Болайын мен-ақ әлемде,
Бұл дерттен өлген соңғы Адам!
Осы түйін ойыма төмендегі оқиғаны түсірді. Алматыдағы құдамыз өкпе қабынуынан көз жұмды. Жедел жәрдем шақырған екен. Ауруханада орын жоқ деп жарты сағат аппаратпен дем алдырыпты да қалғанын құдайға тапсырып кетіп қалыпты. Содан соң балалары сабылып осындай аппарат іздепті, ақшасына тауыпты да. Бірақ ол кісінің көрер жарығы таңға дейін ғана жетіпті.
«Балаларым, аман болыңдар, ауырмаңдар!» — депті ол үзіп-жұлып соңғы сөзін айтуға дәрмен тапқанда…
Дәріге зәрулік
Әлеуметтік желіде Алмас Темірбай ақынның мұң-зарға толы өлеңі көпшілік көкей»інен шығып жүр.
Мәйітке толды көр іші,
Марқұм боп қазақ-орысы.
Адам мен вирус соғысы,
Короновирус соғысы.
Қоршауды бұзып-жарып шық,
Соғыста жеңіп тез орал
Халқыңды аман алып шық,
Дәрігер дейтін генерал.
Расында да халық алдымен бір Аллаға, содан кейін дәрігерге сүйенеді. Бірақ, аурухана лық толы. Дәрігерлер ұйқы-күлкіні ұмытқан. Айналасындағы қасіретті көзбен көріп, өздерінің де ыстығы көтеріліп, өкпесі қабынып, иммунеттері әлсіреуде.
Мұның үстіне дәрі жоқ, дәріханалардағы барының өзі удай қымбат. Гуманитарлық көмек орталықтан аспайды, шалғайдағы ауылдарға жетпейді. Дәрі-дәрмекті, медициналық жабдықтарды үстеме бағасына сатып, баюды мақсат тұтып, адами нысаптан айырылғандардың арасында дәрігерлердің ұшырасып қалатынын теледидар жұртшылыққа жеткізуде. Алмас ақынның отты жырының туындауына осындай сұрқиялық себеп болғаны анық:
Ауырған жандар түсініер,
Атаңа нәлет, бәріңді!
… Ішіп өл өзің, ішіп өл,
Қоймаңа тыққан дәріңді!
Үрейді үміт жеңеді
Пандемия салдарынан Наурыздан бері әбігерге түстік. Төтенше жағдай жарияланды. Ұлыстың ұлы күнін үнсіз қарсы алдық. Барыс-келісіміз азайды, шектелді де.
Әлем мамыр айынан бері сәл тереңірек тыныстады. Көпшілік енді оқашаулануды қойып, бір-бірін іздеп, той-тойлаудың қамына кірісті. Оның соңы дүние жүзі бойынша індеттің асқынуына әкеп соқты да, бізде де қауіпті дертті жұқтырғандар саны күрт өсті. Көзімізді ашқаннан қараңғы түскенше ресми, биресми ақпараттардан еститініміз осындай жаманат хабар. Елді үрей жайлады.
-Науқас белгілері анықталса үрейленбеңіз, байбалам салмаңыз. Дер кезінде емделсеңіз ауру асқынбайды,- дейді дәрігер досымыз.
Ауданда дәрі-дәрмектің жасанды тапшылығынын туғызуға қарсы ықпалды әрекет бар. Әкімдік жанынан құрылған мониторинг тобы препараттар бағасын бақылауды күшейте түсті.
Иә, үрейді үміт жеңеді.
Бүлінгеннен бүлдіргі алма!
Атамыз қазақ «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген ұғымды ұрпағының санасына сіңірген. Бүлінген үйге, отбасына жанашырлықпен қараған. Бір сабақ жібін алмай, қайтадан еңсесңн көтеруіне қам жасаған. Ал, баюдан басқаны ойламайтын бүгінгі буын мұндай ұғымнан жырақ өскен сияқты. Ел бір тарының қауызына сыйғандай үрей құшағында қалғанда алып-сатарлардың дәурені жүрді. Дәрінің де, азық-түліктің де бағасын аспандатқандардың көздерін түптің түбінде топырақ қана тойғызатын шығар. Бұдан асырып не айта аламыз?!
Бүгінгі таңда пандемия салдарынан арысынан, қамқоршысынан айырылып, бала анасыз, үйелмен панасыз қалуда. Бұған тұс-тұсынан қысқан қымбатшылықты қосыңыз. Халықтың қасіреті есебінен баюға ұмтылу бүлінгеннен бүлдіргі алумен пара-пар емес пе?
Ең бастысы – сақтық шарасы!
Жаһанды жайлаған індеттің циклдық сипатын ешкім жоққа шығара алмайды. Атап айтқанда, 1720 жыл –Марсель обасы, 1820 жыл – Азия холерасы, 1920 жыл – Испан тұмауы, 2020 жыл – Коронавирус індеті. Бұл сәйкестік пе, әлде заңдылық па ?
Үрім-бұтағымызды сақтау үшін, сақтық шараларын бұлжытпай орындау – парызымыз. Үрім-бұтақтың амандығы – ұлтымыздың амандығы, ұлтымыздың амандығы – адамзаттың амандығы. Қазақ ежелден соғыса жүріп арманынан адаспаған халық. Баршамыздың көкейімізде – үкілеген үмітіміз, бүршік жарған арманымыз бар. Сол үшін де аман болуымыз керек. Аман ердің қашан да аты шығады .
Ел аман, жұртымыз тыныш болғай!
Жомарт ИГІМАН.