
Әлем ғажайыптарға тұнып тұрған Алла Тағаланың бізге берген сыйы. Алла Тағала адам баласын өте көркем, сұлу бейнеде жаратқан. Адамзат баласын да ер мен әйел қылып жаратқан, әр жаратылыс өзінше ерекше. Соның ішіндегі жүрегі мен жан дүниесі нәзіктікке толы, әдемілік пен сыпайылықтың мүсіні, өмірдің мәні, тіршіліктің сәні – «әйел заты». Тіршілік тамыры, шаңырақтың ұйытқысы, отбасы жылуы саналатын әйел адамының өмірдегі мәні айрықша. Қай ұлт пен қай діни көзқарастарда болмасын әйел баласының орны қазіргі заманда ерекше. Әр кез қорғауды қажетсінетін әйел заты, мейірім шапағат пен нәзіктік, қамқорлыққа зәру. Сол себепті қолда аялай білсе, қамқоры мен мейірімін, жылулығын үнемі шашып тұрады.
Қазақ халқында: «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген ұлағатты сөз бар. Қыз тәрбиесіне келгенде қазақ қоғамы барлық білген-түйгенін қыз бойына сіңіріп, намысын, ұятын жоғары қоятын қыз тәрбиелеп сымбатты да сыпайы, болашақта әулетте асыл жар, ардақты ана, сыйлы келін болуға ақылы мен көркі сай болып бойжетуіне баса назар аударған. Қоғам арасында да тарих өткеніне көз салсақ та және қазіргі заманда да отбасы мен қоғамдық өмірді қатар алып әйелдік мүсінімен батыл-жігер мықтылығымен қоғам белсендісі болып жүрген әйел азаматшалары қаншама.
Көпке үлгі болып, өнегелі ұрпақ өрбітетін аяулы әйел қауымы көп болсын деген ниетпен сіздерді Халықаралық әйелдер күні — әр жылы 8 наурызда тойланатын мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Тарихта әйелдердің теңқұқықтық пен тәуелсіздік жолындағы күресіндегі ынтымақтастық күні ретінде пайда болды осы мейрам сіздер үшін арналады. Әр кез жүздеріңізден күлкі кетпей, өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары болып жүре беріңіздер. Көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін. Әрқашан шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке-бірлік тілейміз!
Диана Меліс,
дінтанушы.
