
Сарқан ауданының Лепсі ауылында жаңа жабық үлгідегі заманауи стадионның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл — аудан аумағында пайдалануға берілген үшінші жабық спорт нысаны.

Салтанатты шараға Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Қанатұлы Маманбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде спорт инфрақұрылымын дамыту – өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту мен ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар ауданымызда кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгінгі ашылып отырған заманауи стадион – сол жүйелі істің нақты нәтижесі. Бұл нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Аумағы 24х50 метрді құрайтын спорт нысаны арнайы темір конструкциялармен құрастырылып, заманауи жабынмен жабылған. Стадион ішінде киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған және жасанды газон төселген. Жабық үлгідегі кешен жыл он екі ай спортпен, әсіресе футболмен тұрақты шұғылдануға толық мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, стадионның ашылу салтанаты аймақтық мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған шағын футбол турниріне ұласты. Жас спортшылар жаңа алаңда өзара бақ сынап, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
