Ұлт болашағы және латын әліпбиін енгізу

Осындай тақырыппен аудандық кітапханада дөңгелек үстел басындағы әңгіме өткізіліп, бұл шараны кітапханашы Күлпәш Бектемісова жүргізді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейкесті мәселелерінің бірі – латын әліпбиіне көшу. Елбасының 2012 жылғы халыққа Жолдауында қозғалған бұл мәселе осы жолы нақты бағыт-бағдар беруімен жұртшылық көкейіне ой салды. Алғашқы күндерден бастап зиялы қауым арасында кеңінен талқыланған өткір мәселенің бағыт-бағдарын ұйымдастырушылар бейнеролик арқылы көрсетіп, әңгіменің тамырына қан жүгіртті. Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы алғашқы болып «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов көзқарасын білдіріп, өркениетті елдердің қатарында ең танымал әрі болашағы зор әліпбиді қолданудың қажеттілігі туғанын саралап берді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Сарқан ауданының құрметті азаматы Кәукер Колубекова Қазақ мемлекеті қолданған әліпбилердің тарихына көз жүгіртіп, кезінде солақай саясаттың салдарынан жоғалып кетуге шақ қалған латын әліпбиіндегі көптеген мұрамызды қайта тірілту үшін латын әліпбиіне көшудің маңызы зор екендігін өз сөзіне арқау етсе, «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман латын әліпбиіне көшуге байланысты ғылыми жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бұл ауқымды шара кезең-кезеңімен жүзеге асырылатындығын тыңдармандарға жеткізді. Осы пікір халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Сәния Елубаеваның сөзінде одан әрі тереңдей түсті.
Ақын Сара атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Шеңгелбаева мектептердің латын әліпбиіне көшу бағытындағы бүгінгі деңгейіне тоқтала отырып, жоғалып бара жатқан тіліміздің үндестіін қалпына келтірудегі жаңа әліпбидің тиімділігі туралы қызықты деректер келтірді. Сарқан гуманитарлық колледжінің студенті, болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аружан Өзбекова әріптесінің пікірін жалғастырды.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге қатысушыларға тыңдармандар атынан Талдықорған заң колледжінің студенті Шұғыла Жексенбай, Сарқан гуманитарлық колледжінің студенті Диана Арнай көпшілік көкейіндегі сауалдарды қойып, орнықты жауап алды.

Айсулу Сейполдина,
аудандық кітапхана әдіскері.

Мәліметпен бөлісу: