
Ел дамуының басты бағдарын айқындайтын маңызды саяси оқиға – жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтетін республикалық референдум қарсаңында Сарқан көпсалалы колледжінде «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты тәрбиелік мәні зор шара ұйымдастырылды. Отырыс барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Түсіпов оқу орнының оқытушылар құрамы мен студенттерді референдум күні дауыс беруге ұлттық киіммен келуге шақырды. Бұл – халқымыздың бай мәдениетін, тарихи тамырын және ұлттық бірегейлігін дәріптейтін ерекше қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киімнің маңызына ерекше тоқталып, оның ұлт рухын танытатын құндылық екенін атап өткен еді. Президент “Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» деген болатын.

Шын мәнінде, ұлттық киім – тек сән немесе дәстүр белгісі ғана емес. Ол – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының, дүниетанымының, эстетикалық талғамының көрінісі. Әр ою-өрнек, әрбір пішін мен түс халық тарихынан, мәдениетінен сыр шертеді.
Сондықтан республикалық референдум күні ұлттық киім киіп келу – өткенге тағзым жасап, бүгінді бағалап, болашаққа деген жауапкершілікті сезінудің айқын белгісі болмақ. Бұл – елдің бірлігі мен ынтымағын, ұлттық құндылықтарға құрмет.

– Бүгінде ел тағдырын айқындайтын маңызды сәтте әр азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан барша тұрғындарды белсенділік танытып, референдумға қатысуға және ұлттық киім арқылы халқымыздың мәдени мұрасын паш етуге шақырамыз, — деді ана-медиатор, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Күлшарбан Қалиева.
Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырып, тарихи санасын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Ұлттық мұраны сақтау – әрбір азаматтың борышы. Сондықтан ата-бабадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу баршамыздың міндетіміз.
