Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деп кеңестік биліктің ұлт ретінде жойып жіберуді көздегенін ашық жазады.
Бүгінгі таңда ана тілінің тағдыршешті тұғыры болатын латын әрпіне көшу басталды. Енді Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасайды. Білім және ғылым министрі 1-сынып 2020 жылы латын әрпіне көшетінін хабардар етті. Бұған дейін орыс тілінің жетегімен бұзыла бастаған тіліміз табиғи қалпына келсе деген тілек аға буынның көкейінде.
«Менің ойымша, қазір қазақтың рухы қазақтың жүрегінен қонатын орын таппай, иман іздеген ғайыптың құсына айналып бара жатқан сияқты. Рухымыздың ұясынан жерінуінің басты кілтипаны — сәбилердің түйсігіне ұлттық тәрбиенің тамшысы тамбауында. Қазіргі жат тілдің еміздігін еміп, туған ұлтының тілінен жерініп жүрген қарадомалақтар мен қарақастылардың дені — тәуелсіздік алған соң туғандар»,-дейді белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің бір сұхбатында. — Бұл кесірлі құбылыс неге орын алды? Өйткені осы ұрпақтың әке-шешелері кеңестік және ұлы орыстық империяның басыбайлы тәуелді міскіні болып тәрбие алды. Сол міскіндік психология олардың түйсігі мен санасына, жұлыны мен жүйкесіне кетпейтін тат болып жабысқан».
Кейде мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сол арқылы биік белестерге жеткен өзге ұлт өкілдерін көргенде қызыға қараймыз. Ауылдардағы қазақи ортада өскен орыс, неміс ұлтының бүгінгі ұрпақтарының қазақша сөйлегенде қазақтың өзін жаңылдыратынын көріп жүрміз. Біздің қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Уызына жарымай өскен төл де, уызына жарымаған бала да өсе келе дімкәстеу болады екен. Бүгінгінің жеттім-жетілдім деген қазақтарының өз ана тілінде еркін сөйлей алмай жатқандығы қасиетті туған тілінің уызына жарымай өскендігінен болар деп сеніммен айтуға болады. Отбасында қазақи тәрбие болмаса, ортасында өзге тілде шүлдірлесе, төрдегі теледидар өзге тілде сайрап тұрса санасына әлди ұяламаған баланың өскенде өз тілімен бауырласып кетуі қиын-ақ. Біз осыны айналамыздан көріп жүрміз.
Мемлекеттік мекемеде жүрген жастар өз тілінде сөйлемеуді ар көрмейтін болды. Қызмет көрсету орындарында да осы жағдай. Осылайша тіл білместік ұлттық болмыстан бізді айырып келеді.
Келешегімізге балта шапқымыз келмесе туған тілімізге, ділімізге, салт-санамызға бетбұрыс керек кезең осы. Келешегімізге сеніммен қарағымыз келсе әр отбасында ата-ана өз балаларымен тек өз тілдерінде сөйлесуді санасына сіңіру керек. Мемлекеттік тіл үшін өзге емес, өзіміз жауаптымыз.
Жомарт Игіман.