Ұлттық университеттің цифрлық инновациялары

Елбасы Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қойылған міндеттер аясында ҚазҰУ Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруда. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу барысында ҚазҰУ базасында «Silicon Valley» үлгісіне негізделген әлемдік деңгейдегі ІТ-технопаркін құруды ұсынды. Бұл идеяны іске асыра отырып, ҚазҰУ әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жаңа Жібек Жолы университеттерінің альянсымен бірлесіп халықаралық IT-технопаркін құруда.

Бұл ауқымды жоба Альянстың атқарушы комитеті, сондай-ақ ресейлік «Сколково» инновациялық орталығының инновациялық өкілдері тарапынан қолдау тапты. Аталған ұйымдар ҚазҰУ-мен инновация, ғылым және жоғары технологиялар саласында ортақ жұмыс жасауға дайын екендігін білдірді.

Технопарктың ядросы Қытай үкіметінің гранты бойынша алынатын суперкомпьютер болмақ. Жобаны іске асыру Қазақстан университеттері мен Альянс мүшелері үшін бірыңғай деректерді өңдеу орталығын қалыптастыруға, сандық қызметтерді ұсынуға және ғылыми жобаларға арналған жоғары тиімді есептеуді жүргізуге мүмкіндік береді. ҚазҰУ суперкомпьютері әлемдегі ТОП-500-ге кіретін қуатты есептеу ресурсына айналатынын атап өткен жөн. Бүгінде ҚазҰУ-да IT-технологияларды дамытудың негізгі бағыттары айқындалған, атап айтқанда университеттің қызметін автоматтандыру үшін бұлтты технологиялар; кампустың инфрақұрылымын басқару мақсатында smart-технологиялар; талдау жүйесiн қалыптастыру үшiн Big Data технологияларын енгізу; сондай-ақ ІТ қызметтерінің аутсорсингін дамыту болып табылады. Жылдың басында ҚазҰУ-да жаңа ІТ факультеті ашылды, онда жоғары технологиялар саласындағы мамандар даярлау ісі шоғырланған.

ҚазҰУ-да Microsoft, Hewlett-Packard, Cisco, Konika Minolta, Fujitsu, Huawei, Samsung, «Касперский зертханасы» және басқа да әлемдік жетекші компаниялардың ғылыми-білім беру орталықтарының ашылуы университеттің IT-технологияларды дамыту мен енгізудегі жетістіктері мен алдыңғы қатарлы позицияларының танылуының дәлелі.

Осылайша, әлемге әйгілі «Microsoft» компаниясы университеттің заманауи IT-технологияларды дамыту және кеңінен енгізудегі жұмысын жоғары бағалады. ҚазҰУ «Microsoft Campus Connections» саммитінде «Э-кампус» жобасын ұсыну мүмкіндігіне ие болған ТМД елдеріндегі бірден-бір университет болып табылады. Бұл жоба компания өкілдері мен шетел университеттерінің қызығушылығын тудырды. «Microsoft» ҚазҰУ-дың стратегиялық әріптесі ретінде университетте «Microsoft Power BI» бұлт бизнес-талдау қызметін енгізу. Университеттің «E-campus» бағдарламасы аясында барлық бизнес-процестер цифрлы форматқа ауыстырылды. Оқу процесін, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік-экономикалық және әкімшілік-басқару қызметін интеграциялық басқару заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған жағдайлық басқару орталығымен қамтамасыз етілуде.

ІТ және қашықтықтан оқыту технологияларын белсенді дамыту ашық білім беруді дамытуға ықпал етті. ҚазҰУ-дың жеке ашық онлайн-курстарын құру жөніндегі жұмысы 2016 жылы ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық Ғылым Академиясы және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Ашық білім берудің Ұлттық платформасын (moocs.kz) құруға мүмкіндік берді. Бұл бастамаға Жаңа Жібек Жолы Университеттер Альянсының жоғары оқу орындары да қолдау білдірді.

Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ елімізде теңдесі жоқ ғылыми және инновациялық инфрақұрылымы бар интеллектуалды корпорация болып табылады. «Al-Farabi university — smart city» атты кешенді ғылыми-инновациялық жобасы шеңберінде Қазақстанның жаңа цифрлы экономикасы үшін мамандар даярланып, бәсекеге қабілетті ұлттың табысты дамуы үшін күшті рухани-адамгершілік және зияткерлік тұғырнамасы қалыптастырылуда.

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы атанған ұлттық университеттің қабырғасында студенттердің жаңа инновациялық жобаларына, әр-түрлі ғылыми жұмыстарына қолдау көрсетіліп, барлық ғылыми мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасалған.

А.АСИЛОВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ оқытушысы, э.ғ.к, доцент

А.ҒАЛЫМЖАН,

әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ студенті.

Мәліметпен бөлісу: