Ұлттық жоба аясында Сарқан ауданының электр желілері жаңғыртылуда

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2026 жылы «ТАЭТК» АҚ Жетісу облысының электр желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыруда. Жоба Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандарын және Талдықорған қаласын қамтиды. Оның негізгі мақсаты – электрмен жабдықтау сенімділігі мен сапасын арттыру, электр желілерінің тозуын азайту және өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту.

Ұлттық жоба шеңберінде Жетісу облысы бойынша 464,4 шақырым әуе электр желілері қайта жаңғыртылып, 9,7 шақырым кабель желілері жаңартылады, 2 қосалқы станция реконструкцияланады, 88 дана 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станция және 40 261 заманауи электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ) ауыстырылады. Жалпы жобаларды қаржыландыру көлемі 14,49 млрд теңгені құрайды.

Сарқан ауданында ұлттық жоба аясында жалпы ұзындығы 128,34 шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған. Жұмыстар ең алдымен тозығы жеткен желілерде жүргізілуде. Бұрын орнатылған ағаш тіректердің пайдалану мерзімі 60 жылдан асып, техникалық тұрғыдан ескіргендіктен, олар кезең-кезеңімен жаңа темірбетон тіректерге ауыстырылуда. Сонымен қатар, тозған электр сымдары қазіргі заманғы оқшауланған сымдарға ауыстырылуда.

Қазіргі уақытта №8302 және №8303 10/0,4 кВ әуе электр желілерінде ауқымды реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 4 925 темірбетон тірек, 26 дана 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станция жаңартылады. Сондай-ақ № 8302 желісінде 60 шақырым СИП-4×70 және 12,3 шақырым СИП-4×50, ал №8303 желісінде 26,4 шақырым СИП-4×70 және шақырым СИП-4×50 оқшауланған сымдары ауыстырылады.

Жаңғырту жұмыстары барысында электрмен жабдықтау сұлбасын өзгерту қажеттілігіне байланысты электр энергиясын уақытша жоспарлы ажырату жағдайлары болуы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Жоспарлы ажыратулар туралы ақпарат алдын ала «ТАЭТК» АҚ ресми ақпараттық ресурстарында жарияланып отырады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Сарқан қаласының тұрғындары сапалы әрі сенімді электрмен жабдықталып, электр желілерінің апаттылығы төмендейді, технологиялық шығындар азаяды және өңірдің энергетикалық инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жаңартылады. Сонымен қатар, «ТАЭТК» АҚ электр желілерінің тозу деңгейін 78,5 пайыздан 67,2 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Мәліметпен бөлісу: