Ұлтын сүйген тау тұлға

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап, оны қайта жаңғыртуда маңызды. Бұл мақаладағы ойлардың Алаш зиялыларының ойымен ұштасуы ұлттық идеологиямыздың айқындығының дәлелі. Кешегі Алаш қайраткерлерінің есімдері қоғамдық өмірдің әр саласында олардың әрқайсысына тән ерекшеліктерімен тарихта хатталып қалды. Әрбір өлкенің халқына еңбек етіп, өшпес із қалдырған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Солардың бірі біздің ауданымызда дүниеге келген қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышпаев. Қазан айында Лепсі ауылындағы Мұқан Төлебаевтың мемориалды музейінде ұлы тұлғаға арнап «Ұлтын сүйген тау тұлға» атты тақырыпта көрме өткізілді. Көрмеде Мұхаметжан Тынышпаевтың өмірбаяны-ғұмырнамасы, туып-өскен ортасы, атқарған қызметтері туралы айта отырып жәдігерлер негізінде түсіндірілді. М.Тынышпаевтың 1907 жылы елдің мемлекеттік думасының ІІ шақырылымына Жетісу облысы атынан депутат болып сайланғандағы суреті және 1917 жылғы қазақтың тұңғыш Алаш аталған партиясын құруға белсене араласқандағы суреттері және отбасымен түскен суретттері, сол сияқты «Дәуірдің жарық жұлдыздары», «История казахского народа», «Мұхаметжан Тынышпаев» атты кітаптар, өмір жолдары туралы анықтамалар мен қаулылар қойылды. Бұл кітаптар мазмұнында М.Тынышпаев 1917 жылы құрылған Түркістан автономиясының тұңғыш төрағасы қызметін атқарғандығы, 1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басына дейін Кеңес өкіметінің озбырлық саясатына қарсы күреске қатынасқандығы және 1926 жылдан сол кездегі Ресей Федерациясы халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың ұсынысымен Түрксіб теміржолын салуға қатынасқандығы және Лепсі аймағынан өтетін теміржол инженері болғаны туралы музей экспозициясынан көрсетіліп, түсіндірілді. Сонымен қатар өзінің жетісулық серіктестері Базарбай Мәметов, Садық Аманжолов, Нүсіпбек Жақыпбаевтың өмір жолдарынан айтылып өтілді. Ірі қоғам қайраткері, ғалым, халқымыздың біртуар перзенті, өзінің басқа тағдырластарымен бірге 1937-38 жылдары жүзеге асырылған «үлкен террордың» құрбаны болып кете барды. Ол 1937 жылдың 21 қарашасында қайтадан НКВД жендеттерінің қолына түсіп, 1938 жылы Ташкент түрмесінде атылғаны жайында айтылды. Өткен тарихымыздың шежіресі, қайнар көзі халқымыздың мәдениеті мен тарихы. Мәдени мұраларымыз, салт-дәстүрлеріміз қайта зерделеніп, тарихи тұлғаларымыздың өмірі халқымен қауыша бермек. Музей – қоғамның айнасы. Осындай ірі, дана, дара тұлғаларымызбен музей қорын байытып, көрермендерге ұсына берейік.

Н.АХМЕТХАНОВ,
М.Төлебаевтың мемориалды музей экскурсия жүргізушісі.

Мәліметпен бөлісу: