Ұлы дала өнері – жарқын болашақ

 Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы сөзсіз туған елдің өзгеше түлеуіне, қоғамдық сананың жалқыдан жалпыға бетбұрысына бастаған соны дүние екендігі дау тудырмайды. Аталмыш мақала аясында ғана «елім, жерім» деген жүрек пен білектің үндестігімен қаншама қыруар істер атқарылуда.

Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде өтіп, көңілдерге ұмытылмас әсе-рін ұсынған «Ұлы дала өнері – жарқын болашақ» атты мерекелік гала концерт те мәйекті мақаланың ауданымыздағы жүзеге асуының нақты көрінісі, жарқын парасы. Тұран даласын тұлпарының тұяғымен дүбірлетіп, жасампаз рухымен ұрпағына ұран болған кешегі бабаларымыздың ерлігі мен бүгінгі буынның өнегелі істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасындағы сабақтастығын нығайтуды мұрат тұтқан шара бастауында аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков сөз сөйледі. Өз лебізінде Ерғазы Қошанбекұлы сонау 1986 жылы Украинаның алғашқы атом электр станциясы Чернобылде орын алған апаттың қасіретін атап өтіп, қатерді ауыздықтауға атсалысқан қазақстандықтардың, жерлестеріміздің көзсіз ерлігін жас ұрпаққа үлгі етті. Қандай мадақ пен мақтауға да лайық ерлердің істерін айрықша айшықтаған өңір басшысы бірқатар чернобылдық ардагерлерді мерекелік төсбелгімен марапаттады. Көрінбес тажалдың кесірінен өмірден ерте озғандардың жарларына, ұрпақтарына құрмет көрсетті. Сондай-ақ «Жетісу» телеарнасы ұйымдастырған балаларға арналған «Зерде» интеллектуалды бағдарламасының қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған білімді шәкірттер  Серікқалиқызы Аяулым мен Қасымбекова Әйгерім Мұратбекқызы аудан әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. Шара мерекелік концертпен көркемделді. Әсіресе балабақша бүлдіршіндері мен мүмкіндігі шектеулі балдырғандардың өнерлері зор қошаметке ұласты. Балалар шығармашылық үйінің, мектептердің, гуманитарлық колледждің таланттары көрерменін тамсантып, тәнті етті, шынайы ықыласпен қол соқтырды.

П.Жеңісхан

Мәліметпен бөлісу: