Қазақ даласының әр заманы Тәуелсіздікке дейін қайғы-қасіретке, бей-берекетсіздікке толы болды. Өз теңдігін ала алмаған қазақ жұрты қаншама азапты күндерді басынан өткізді, бұл жолы да біз ел Тәуелсіздігіне оңай жолмен жеткен жоқпыз. Ата-бабаның арманына айналған еркіндік туы, бүгінде ұрпақтарының қолына тиді, біз бұны атадан ұрпаққа қалған ұлы да, асыл мұра деп есептеуіміз керек.
1991 жылы 16 желтоқсанда ел Тәуелсіздігін алып ғана қоймай, ел болып гүлденуімізге бірден-бір жол салынды. Желтоқсанның аязды да, қатал ызғарына қарамастан рухты жастарымыздың арқасында мемлекет ретінде бой көтердік. Ел егемендігін өз қолына алған Елбасымыз Н.Назарбаев қазақ даласының әлемдік ортаға шығуына, гүлденіп, дамуына біршама еңбек сіңірді. Сонымен, елдіктің ірге тасы қаланып, өз шекарасын бекітіп, ел рәміздерін еңгізіп, дербес әрі өз алдына зайырлы ел болып қалыптасты.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау туралы бірнеше жоспарларын мақала бетіне жариялады, мерейтойды тойлауға байланысты жоспарлар қазірден бастап іске асырылуда. Міне, осы жылдар ішінде елде не бір айтулы өзгерістер, болашаққа деген нық қадамдар жүзеге асырылды. «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз»,- деп Елбасымыз Н.Назарбаев өте ұлағатты сөз айтты. Қазіргі, Қазақстан гүлденген, даму үстіндегі, тәуелсіз әрі еркін, болашағы бар, кең байтақ жерімен мақтана алатын ел.
Құрметті барша отандастар! Алдымызда келе жатқан Ұлы Тәуелсіздігіміздің — 30 жылы құтты болсын! Еліміз мәңгі өркендеп, халқымыз аман болып, өз болашағын дамыта берсін. Ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігі артып, еркіндік туы тұғырынан таймасын, ата-бабамыздың осы үлкен арманы орындалғанына шын мәнінде өте қуаныштымын.
Салиха Солтанқызы,
әл-Фараби атындағы орта мектептің
9-сынып оқушысы.