Ұлыстың ұлы күнінің шуағы

Адам аузын аққа, малдың аузын көкке тигізген, ырыстың басы, берекенің қайнары болған әз Наурыз мерекесін саялы өңіріміздің жұртшылығы өткен жұмада кеңінен атап өтті. Науат қардың бауырын сөгіп, көктен жылуын аямай төккен күн де көпшілік пейілімен үндескендей жаймашуақтығымен ерекшеленді. Бір-біріне айқара құшақ жайып, жарқын жүзбен амандасып, игі тілектерін ақтарған көпшілік бір жасап, мәре-сәре болысты. Көптен көріспегендер де етжақындарын құшақтарына қысып, амандық-саулық сұрасып жатты. Орталық алаңды айнала жайылған қазақы дастарханға ұлттық тағамдар молынан қойылып, келген жандарға наурыз көжеден дәм ұсынылды.

Наурыз мейрамының бойтұмарына айналған атақты «Наурыз-думан» әні өңірімізге белгілі әнші Гүлжан Қисабекованың орындауында мерекелік шараның шымылдығын ашты. Айтпақшы көпшілік көңілінде жатталған бұл әуенді Роза Рымбаеваның шырқағанына биыл 33 жыл болады екен.

Алдымен жиналған жұртшылықты аудан әкімі Талғат Қайнарбеков төл мерекемен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ аудан басшысы өңіріміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін аудандық мәслихаттың шешімімен үш азаматқа «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстап, мерейлерін өсірді.

Келесі кезекте аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері өз өнерлерін паш етіп, мереке ажарын одан әрі аша түсті. Аудан өнерпаздарының күшімен театрландырылған көріністер қойылып, әдемі ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би көпшілік назарына ұсынылды.

Былтыр пайдалануға берілген «Қойтас» саябағы бұл күні көптеген шаралардың орталығына айналды. Орталық алаңдағы концерттен соң аталмыш саябаққа ағылған қала тұрғындары мен қонақтары түрлі спорттық ойындарға ат салысты. Атап айтқанда, футбол, қазақша күрес, гір тасын көтеру, қол күрес және соңғы жылдары тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан қой көтеру сынды сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Көпшіліктің  әсіресе жасөспірімдердің сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген саябаққа ағаш көшеттері отырғызылып, бабалар ұлағаты ұлықталды. Ұлтымыздың бар болмыс-бітімі, салт-санасы, көңіл-күйі, жаны мен мінезі, ұлттық қайнары шоғырланған әз Наурыз осылайша өңірімізді өзгеше думанға бөледі.

П. Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: