«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» — деп жырлаған қазақ поэзиясының Хан тәңірі Мұқағали Мақатаев өз заманының арқалы ақыны болғаны белгілі. Биыл туылғанына 87 жыл толып отырған мұзбалақ ақынның құрметіне «Тіл» оқу әдістемелік орталығы Сарқан аудандық филиалы «Мәңгі өлмес жырыменен із қалдырған» атты поэзиялық кеш өткізді. Іс шараның жүргізушілері Анар Оразалина мен Арай Камбылова осынау кештің мән-маңызына тоқталып, ақын өмірбаянын тыңдаушыларға таныстырды.
Ал ақын шығармашылығына кезек келгенде 4 сынып оқушысы Нұрислам Сабитай «Шеше сен бақыттысың» өлеңін мәнерлеп оқыса, тыңдаушы Лаура Тутучкина «Поэзия» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Сәлден кейін жиналған қауым ақынның композитор Нұрғиса Тілендиевпен шығармашылық одақтан туған «Есіңе мені алғайсың» шығармасын тамашаласа, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрді. Өз кезегінде өзге ұлт өкілдері де ақын шығармашылығынан үзінділер оқып, мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетті.
Поэзиялық кеш соңында белсене қатысып, ойдағыдай өтуіне ат салысқан тыңдаушылар аудандық филиалдың мадақтамасымен марапатталды.
Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.