Мүмкіндігі шектеулі жанның шексіз мүмкіндігі

Күнделікті тірлікте жұмыстың жоқтығын сылтауратып, ішімдікке салынатын, босқа ас ішіп, аяқ босататын, жанұясында жанжал тудыратын жігіттер бар қоғамда. Отбасынан береке қашырып жүрген осындай жандарға біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұршат Нұғыманұлының мына бір тірлігін үлгі ретінде ұсынуға болады.

Шағын қаламыздағы «Жастар» саябағындағы осынау балалар әткеншегі қолдан жасалды әрі оның І топтағы мүмкіндігі шектеулі жанның өнер туындысы дегенді естігенде бастапқыда сенбегеніміз рас. Осылайша Нұршат Нұғыманұлымен танысып, әткеншекті жақыннан көруге мүмкіндік алдық. Алыстан қараған адам айналмалы әткеншектің зауыттыкінен айырмашылығын байқа-майды әрі қолдан жасалғандығына мүлде сенбес еді.

-Балаларды қуанышқа бөлейтін осындай әткеншектердің қажеттілігі туындағанда саябақта түрлі құрал-жабдықтармен кішкентай тұрғындарға қызмет көрсететін Рақым Байқожаға өзім ұсыныс айттым, — дейді шебер қолды Нұршат – Тапсырыс иесінің қолдауын алған соң ғаламторға үңіліп, үлгілерге қарап, 15 күннің  ішінде жасап шықтық. Темірлерді қажетті қалыпқа иіп, оны дәнекерлеуге, бояуға достарым көмектесті. Пластмасса орындықтарды арнайы тапсырыспен Алматыдан алдырдық. Түрлі-түсті болып жанатын жолақ шамдарын орнаттық. Қауіпсіздік жағына да баса мән бердік.

Үйінде тұрмыстық техникаларды жөндейтін шағын шеберханасы бар Нұршат Қытайдан 2006 жылы көшіп келген. Үкіметтің қайтарымсыз қаржысына қол жеткізіп, қолдан келетін кәсібімді кеңейтсем деген тілегін де жеткізді.  Арнайы тапсырыс түссе бұдан басқа да дүниелерді жасауға болады деген Нұршаттың талпынысын қуаттап, ісіне сәттілік тіледік.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: