️

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Көксу ауданына барып, Теректі ауылында орналасқан «Уыз Май Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік қызметімен танысты.

Сапар барысында халық қалаулылары кәсіпорынның өндірістік үдерісімен, материалдық-техникалық базасымен, еңбек жағдайымен және өнім шығару көлемімен жан-жақты танысты. Кәсіпорын басшылығы зауыттың қазіргі жұмысы мен алдағы даму жоспарлары туралы ақпарат берді.
«Уыз Май Индастри» ЖШС 2010 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде кәсіпорын соя майын, соя ұнын және толық майлы соя өнімдерін өндіруге маманданған. Зауытта 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік қуаттылығы жылына 45–50 мың тонна соя бұршағын қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев отандық өндірісті қолдаудың маңыздылығына тоқталды:

«Мұндай кәсіпорындар өңір экономикасының тірегі болып табылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – қосылған құнды арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары нақты өндіріс орындарының дамуына бағытталуы тиіс», – деді депутат.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі мен өндірістік әлеуетін арттыру бағытында көтерілген мәселелерді заңнамалық деңгейде қарастыруға дайын екендерін жеткізді.

Жұмыс сапары аясында өңірдегі өндіріс орындарын қолдау, ауыл шаруашылығы саласын дамыту және жұмыс орындарын сақтау мәселелері басты назарда болатыны атап өтілді.
