
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапары аясында Жетісу облысы Сарыөзек ауылында орналасқан 12740 әскери бөлімге барды.
Сапар барысында халық қалаулылары әскери бөлімнің күнделікті қызметімен, жеке құрамның дайындық деңгейімен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Депутаттар әскери техникалардың жай-күйін көріп, олардың пайдалану ерекшеліктері жөнінде жауапты мамандардың баяндамаларын тыңдады. Сонымен қатар сарбаздардың тұрмыстық жағдайына ерекше көңіл бөлініп, казармалар, асхана және әлеуметтік нысандар тексерілді.
Әскери бөлім басшылығы депутаттарға жеке құрамды даярлау жүйесі, жауынгерлік дайындық, сондай-ақ әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат берді.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты Болат Керімбек әскери қызметшілердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, төмендегідей пікір білдірді:
«Қарулы Күштердің әлеуеті – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізгі тірегі. Сарыөзек ауылындағы 12740 әскери бөлімінде жасалып жатқан жұмыстар, сарбаздардың дайындық деңгейі мен тұрмыстық жағдайы талапқа сай. Мұндай кездесулер бізге әскери саладағы өзекті мәселелерді көзбен көріп, заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Болат Керімбек.

Өз кезегінде Руслан Қожасбаев та әскери бөлімде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту бағытында Мәжіліс тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
