Биылғы жылы «Nur Otan» партиясының құрылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында партияның ел сеніміне ие болып, беделді саяси ұйымға айналғандығы жұртшылыққа мәлім.
Сәуірдің 2-сінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалының партиялық актив отырысына Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров және партия ардагерлері, белсенділері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.
Партиялық отырысты аудан әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Марат Разбеков жүргізіп, жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды. «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған міндеттері мен тапсырмалары негізінде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талқылау туралы» облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров баяндама жасап, съезде атап көрсетілген алдағы онжылдықта атқарылатын 10 мақсатқа қысқаша тоқталды. Баяндамашы сонымен қатар партия Жарғысындағы өзгерістермен, толықтырулармен жан-жақты таныстырды.
Жиынның күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы ұсынысын қолдау туралы» мәселе бойынша сөз алған партия ардагері Күлшарбан Қалиева қос палата депутаттарының мақұлдауына ие болған тарихи шешімнің заңдылығын атап көрсетті.
Жиында ұйымдық мәселе қаралды. Жиын модераторы Марат Мелісұлы аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мұрат Түсіповтың еңбек демалысына шығуына орай облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталовтың келісімімен облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың ағымдағы жылдың 15-наурыздағы №29 жқ бұйрығына сәйкес Аслан Кубентаевтың филиал төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалғандығын жиналғандарға жеткізді. Аслан Нұрахметұлын жиынға қатысушыларға облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров ресми таныстырды.
Жиында Сарқан ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Жамал Құлахметова сөз алып, құрметті еңбек демалысына шыққан Мұрат Төлеуұлын қуанышты күнімен шын жүректен құттықтап, филиалдың бірінші орынбасарлығына тағайындалған Аслан Нұрахметұлының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Мағыналы ғұмырының биік бір белесіне жеткен Мұрат Төлеуұлына аудан басшысы ізгі тілегін арнап, иығына шапан жапты. Жиын қорытындысында Сарқан ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Мұрат Түсіпов аудандық партия филиалының жаңа басшылығына табыс тілей отырып, партияластарына алғысын білдірді.
Өз тілшіміз.